Әріптестіктің дамуына жасалған тағы бір қадам
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының Konica Minolta компаниясының өкілдерімен кездесу барысында білім мен ғылым саласындағы әріптестік мәселелері сөз болды.
«Konica Minolta компаниясы біздің университетте үлкен танымалдылыққа ие. Сіздердің арқаларыңызда журналистика факультетінде Konica Minolta ғылыми оқыту орталығы ашылды. Соның нәтижесінде студенттер заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Сіздер ұсынған құрал-жабдықтар негізінде бакалавриат және магистратура деңгейінде арнайы курстар дайындалған, мұнда студенттер заман талабына сай құрылғыларда жұмыс істеп үйренуде. Жыл сайын арнайы стипендиялар тағайындап отыратын мына сіздерге, біздің университет ұжымының алғысы шексіз», - деді ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев.
Konica Minolta Business Solutions Europe-тың бизнесті дамыту және сату бөлімінің жергілікті менеджері Шинтаро Иноуэ университет пен компания арасындағы әріптестік екі ұйымның бірлесіп түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда өзгелерге жақсы үлгі екенін атап өтті. «Біз, өз тарапымыздан әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілуге дайынбыз, ұсыныстарды қарастыруға да болады. ҚазҰУ-мен жасалған әріптестік біздің компанияның Орталық Азиядағы ең үлкен жобасы. Осыны ескерсек, әріптестіктің жаңа сатысына өту еш қиындық тудырмайды деп ойламын».
Кездесу барысында журналистика факультетінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева «Konica Minolta» Kmlab заманауи технологияларымен жабдықталған зерттеу оқыту лаборатория жұмысының нәтижесін көрсетті. Былтырғы жылы академияны журналистика факультетінің 11 студенті тәмәмдағаны айтылды. Алдағы уақытта Konica Minolta компаниясы тек бір ған журналистика факультетімен емес, басқа да факультеттермен жұмыс жасауға дайын екендіктерін айтты.
«Konica Minolta» Kmlab заманауи технологияларымен жабдықталған зерттеу оқыту лабораториясы ҚазҰУ-да 2013 жылдың маусым айында құрылды.