ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ
Тұрақты даму мақсаттарындағы басты қағидаттардың бірі – әлемде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың кәсіби әлеуеттерін ашуға мүмкіндік жасау. Міне, осы бағытта тиімді жұмыс жасаудың көрсеткіші болып жүрген журналист әйелдердің еркіндігі мен құқығы бүгінгі онлайн семинарда көтерілген басты тақырыптардың бірі болды.
«Гендерлік саясат және журналист әйелдердің құқығы» атты шараға «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының атқарушы директоры Мәдина Әлімханова мен «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Айнаш Есали қатысып, еліміздегі гендерлік саясаттың бүгінгі ахуалы, қазақ баспасөзіндегі гендер тақырыбының жазылуы және журналист әйелдердің құқығының сақталуы сөз болды.
Басқосуда «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ғылым докторы, профессор Баян Жолдасбекова университеттің қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріндегі әйелдердің рөлін нығайту жолында атқарып жатқан шаралар туралы баяндады
Осылайша семинарға қатысушылар гендерлік теңдік адамның негізгі құқықтарының бірі ғана емес, сонымен қатар бейбітшілікке, өркендеуге және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін қажетті негіз болып табылатынына көз жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі