ТДМ-4. КІТАП БИЗНЕСІНДЕГІ КЕДЕРГІЛЕР МЕН ТӘУЕКЕЛДЕР

29 қазан, 2024

2024 жылдың 29 қазанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында ақын және «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек «Кітап бизнесіндегі кедергілер мен тәуекелдер» атты шеберлік сағат өткізді. Көшбасшылық дәрістің басты мақсаты студенттерге баспа ісінің негізгі принциптері мен редакторлық процестің қыр-сырларын түсіндіру, сондай-ақ шығармашылық жұмыстағы тәжірибесімен бөлісу болды. Дәріске студенттермен қатар, оқытушылар, мектеп оқушылары мен мұғалімдер де қатысты. Бұл шараның ауқымы кеңейіп, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту мен әдебиет саласындағы білімін тереңдетуге мүмкіндік берді.

Шеберлік сағаты студенттермен еркін сұрақ-жауап ретінде өтті. Ақберен аға  қазіргі заманғы әдебиет пен баспа саласындағы өзгерістер туралы айтып, жастардың шығармашылығын қолдаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Студенттерге шығармашылық процесс, редакторлық міндеттер туралы құнды кеңестер берді.

Шара барысында Ақберен Елгезек өз шығармаларынан мысал келтіре отырып біршама өзекті мәселелерге тоқталды. Ол шығармашылықтың негізінде тұжырымдаманың маңыздылығын, сондай-ақ автор мен редактор арасындағы байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін түсіндірді. Студенттер үшін бұл шара тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық дағдыларды да дамытуға мүмкіндік берді.

Дәріс соңында Ақберен Елгезек студенттерге өз кітаптарын сыйға тартып, шығармашылық жолында шабыт беруге ниеттес екенін білдірді. Сонымен қатар, университеттің атынан студенттер үшін арнайы уақытын бөліп келген Ақберен ағаға алғыс ретінде арнайы сыйлық табыс етілді.