ҚазҰУ Макаодағы QS саммитіне қатысуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Макао (ҚХР) қаласында өтіп жатқан QS Higher Ed Summit: Asia Pacific 2024 саммитіне қатысуда.
Макао ғылым және технология университетінде ұйымдастырылған халықаралық жиын үш күнге жоспарланған, ал саммиттің қорытынды отырысы 8 қараша күні Гонконгта өтеді.
Ауқымды іс-шараға Азия және Тынық мұхиты аймағындағы ЖОО ректорлары мен өкілдері, ғалымдар, білім беру ұйымдарының басшылары – барлығы 2000-нан астам адам келді. Әлемнің әр түкпірінен жиналған сарапшылар жоғары білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауда.
Саммиттің ашылу салтанатында сөз сөйлеушілер Азия және Тынық мұхиты аумағындағы жоғары білім беру жұмысын ұйымдастыру және болашағы туралы өз ойларымен бөлісті.
Іс-шарада QS халықаралық рейтингтік агенттігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне QS Stars бағдарламасы бойынша «Бес жұлдыз» марапатын табыстады.
Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саммит барысында өткен көрмеге қатысты. Келушілер назарына ҚазҰУ-дың жетістігі көрсетіліп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымы таныстырылды.
Айта кетейік, 1 қараша күні QS пре-саммитінің алғашқы отырысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі