ҚазҰУ студенттері соңғы үлгідегі құрылғылармен сот сараптамасын жүргізеді

8 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері сот сараптамаларын жүргізумен айналысады. 2016 жылы құрылған сот сараптамалары  орталығы бүгінде соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылған.

 

Аталған орталық отандық жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған болатын. Сонымен қатар алғашқылардың бірі ретінде  сот сараптамасын жасайтын мамандарды даярлау бойынша лицензия алған.  

Бұл жерде студенттер, магистрлар мен докторанттар білімдерін жетілдіру мақсатында тәжірибеден өтеді. Орталықта құжаттар, ату құралдары, трасологиялық, баллистикалық, компьютерлік, молекулалық-генетикалық бағыттар бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндік бар.

Мұнда Ұлыбритания және Түркияда «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып, біліктілігін арттырған ҚазҰУ оқытушылары студенттерге дәріс береді. Қылмыстық құқық, қылмыстық істер жүргізу және криминалистика кафедрасының ғалымдары орталықтағы заманауи құрылғылар арқылы құқық қорғау органдарына әдіснамалық және әдістемелік көмек көрсетуге  дайын екендіктерін айтады.

«Бізде сот сараптамасын жүргізуде, соның ішінде баллистикалық сараптамасын жасауға арналған салыстырмалы микроскоп бар. Оның негізгі ерекшелігі – ату құралдары арқылы жасалған қылмысты зерттеуге арналған. Яғни оқтың ұшу траекториясын, қай бағыттан атылғанын анықтауға жәрдемдеседі. Сонымен қатар салыстырмалы микроскоп арқылы адамның өзіне қол жұмсағанын немесе біреу өлтіргенін білуге болады. Мұндай құрылғы отандық университеттер арасында тек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бар», – деді ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Сұлушаш Даубасова.

Сондай-ақ орталықта қылмыскерді иіс арқылы табу қорабы, ату құралдарын талдайтын аппарат бар.

Сот сараптамалары орталығының мамандары болашақта ҚазҰУ-дағы факультеттермен бірлесіп ІТ, химия,  физика, биология салалары бойынша мамандар даярлауды және ортақ зерттеулер жүргізуді көздеп отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі