Бар ғұмырын білім мен ғылымға арнаған ғалым Наргүл Өмірбекова 70 жасқа толды. Ол Қазақстандағы өсімдіктер генетикасы мен селекциясы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан көрнекті ғалым.
Наргүл Жаппарқызы Молекулалық биология және генетика кафедрасында 30 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп келеді. Оның жетекшілігімен өсімдіктер генетикасының жаңа бағыты қалыптасып, еліміздегі ғылыми зерттеулерге зор ықпал етті.
Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде кеңінен танылып, оның нәтижелері көптеген халықаралық конференциялар мен конгрестерде баяндалды. Наргүл Жаппарқызы терең білімі мен тәжірибесі арқасында еліміздің жетекші ғалымдары қатарынан орын алады. Профессор Өмірбекованың ғылыми-педагогикалық қызметі жоғары бағаланып, 2016 жылы «ҚР үздік оқытушысы» атағын иеленді. Сонымен қатар ұстаз еңбегін кеудесіне таққан «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Әл-Фараби» күміс медалі айшықтайды. Наргүл Өмірбекова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Наргүл Жаппарқызының есімі ғылым саласында ғана танымал емес, әріптестері мен шәкірттері арасында да зор құрметке ие. Оның адамгершілігі, жоғары кәсіби біліктілігі және табандылығы ұжым мүшелері арасында үлкен сенім тудырып, айналасына ерекше әсер береді. Университет ұжымы профессор Наргүл Жаппарқызының 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтайды. Ғалым-ұстазға мықты денсаулық, шығармашылық табыс және отбасына амандық тілейді. Оның еңбектері мен ғылыми жетістіктері еліміздің ғылымына қосқан үлкен үлес болып қала бермек.
Жазира ЖҮНІСБАЕВА, Молекулалық биология және генетика кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.к.
Ақерке СЕРБАЕВА,
аға оқытушы