Иран университеттерімен ғылыми байланыс артады

14 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Иран Ислам Республикасының бас консулы Мохсен Фагани арнайы сапармен келді. Сапар аясында консул университет басшылығымен кездесіп, тараптар ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов қонақтарға еліміздің жетекші жоғары оқу орнының мәртебесі мен жетістіктері жайлы айтып берді. Бүгінде ҚазҰУ-дың Иранмен байланыстағы бес университеті: Муха Гэк Ардабили университеті, Гуманитарлық және мәдени зерттеулер институты, Шахид Бехешти, Алламеха Табатабай және Гулиан сынды білім ордалары мен ұйымдарының серіктестігіне тоқталды. Қол қойылған келісімдер шеңберінде академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде, оқытушылар мен студенттер ғылыми жобаларды жүзеге асыру және халықаралық симпозиумдарға қатысу мақсатында Иран университеттерінде болды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Ираннан келген 12 студент білім алады. Университетте Арабтану және ирантану орталығы табысты жұмыс істейді.

«Біздің өзара әріптестігіміздің дамуының әлеуеті зор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым мен білім саласындағы келешегі бар бірлескен жобаларды қолдауға әрқашан дайын», – деді Еркін Ерманұлы.

Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мохсен Фагани өз сөзінде ҚазҰУ-мен, атап айтқанда Шығыстың екінші ұстазы саналатын әл-Фараби мұрасын зерделеу және парсы тілін үйрену саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы айтты. Консулдың айтуынша, қазіргі уақытта аталған саланың жандануы мен өрлеуін байқауда, ғалымдар Иран кітапханаларындағы еңбектерді зерттеп жатыр. Академиялық алмасу аясында жұмыс жалғасуда, шығыстану факультетімен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сөз соңында консул ҚазҰУ оқытушыларын тәжірибе алмасу үшін Иран университеттеріне шақырды.

Иран сыртқы істер министрлігінің аға сарапшысы, жұмыс тобының жетекшісі Фараби Мужани Гуми өз кезегінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Әл-Фараби комитетінің жұмысы жайлы айтып берді. Кездесу ғылым және білім саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылаумен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі