Нейрожелілер бойынша семинар өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Yandex Qazaqstan ұйымдастырған «Нейрожелілер бізді жаңа нәрсеге қалай үйретеді?» атты семинар өтті. Семинар аясында компания өкілдері білім ордасының басшылығымен кездесіп, өзара ынтымақтастық келешегін талқылады.
Іс-шараға жасанды интеллект пен машиналық оқыту әлеміне тереңірек бойлауға ұмтылған ақпараттық технологиялар және механика-математика факультеттерінің студенттері қатысты.
Жиын барысында студенттер машиналық оқыту технологияларын енгізу қолданушылар мен бизнес міндеттерін шешудегі көмегі, нейрондық желілердің өмірдің әртүрлі салаларына енуі мен әсерін біліп, білім беру жүйесіне жаңашылдық пен білім алуға жаңа мүмкіндіктер молаятынынан хабардар болды. Сонымен қатар студенттер Қазақстанда енгізілген шешімдер мысалында нейрондық желілерді кім және қалай үйрететіні жайлы ақпарат алды.
Студенттерге арналған семинарды «Яндекс Іздеудің» халықаралық дамыту жөніндегі директоры Александр Поповский және Қазақстандағы іздеу өнімі жөніндегі директор Виктор Сикора өткізді. Александр Поповский нейрондық желілер оқу тапсырмаларын тиімдірек орындауға және нейро мысалында қосымша материалдан өтуге қалай көмектесетінін нақты көрсетті. Виктор Сикора іздеу жүйелерінің эволюциясын сілтемелер каталогынан бастап, бізге ашылып жатқан болашақты табудың керемет мүмкіндіктері жайлы да айтты.
Семинар аясында Yandex Qazaqstan өкілдері «Яндекс Іздеуді» халықаралық дамыту жөніндегі директор Александр Поповский, Қазақстандағы іздеу жүйесі өнімінің директоры Виктор Сикора, Антонина Снежинская («Яндекс Іздеудің» баспасөз қызметі) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсеновпен кездесті. Ол өз сөзінде еліміздің жетекші университетінің жетістігімен таныстырып, соңғы өзгерістер мен инновациялық жобаларға тоқталды. Атап айтқанда проректор креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды іске асыру алаңы болып табылатын «Farabi Hub» инновациялық өнімдер және жоғары технологиялық жобалар орталығының қызметіне баса назар аударды. Сонымен қатар ол өнімділігі 1,94 PFLOPS болатын Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютердің мүмкіндіктеріне баса назар аударды.
«Yandex Іздеу» жүйесінің халықаралық даму жөніндегі директоры Александр Поповский қазіргі уақытта қазақ тілі саласындағы іздеу жүйесінің мүмкіндіктерін дамытып жатқан Yandex Qazaqstan қызметі жайлы айтты. Осыған байланысты ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мамандары және ғалымдармен аталған бағытта ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Сондай-ақ ол студенттерге арналған семинар, дәріс оқу, тәжірибе алмасу бірлескен бастамалардың бастауы екенін атап, білім ордасының басшылығына ерекше алғысын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі