Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ислами көзқарас аясындағы заманауи психология» тақырыбында конференция өтті

28 қараша, 2024

 

2024 жылдың 28 қарашасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ислами көзқарас аясындағы заманауи психология» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Шараға Қазақстан, Малайзия, Түркия және Ресейден келген психология, дінтану және исламтану саласындағы жетекші мамандар қатысты.

Конференцияға қатысушыларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасының орынбасары - Бірінші проректор, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов және Малай университетінің (Малайзия) ислам тарихы және өркениеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Мохд Рослан бин Мохд Нор құттықтау сөздерімен қарсы алды.

Конференция бағдарламасы психология мен исламдық дәстүрлер тоғысындағы пәнаралық зерттеулерді қамтыған кең тақырыптарды қамтыды. Негізгі баяндамашылардың қатарында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы дінтану білім беру жүйесіндегі дін психологиясы мәселелеріне тоқталса, Мәскеу мемлекеттік психологиялық-педагогикалық университетінің этнопсихология көпмәдениетті білім берудегі психологиялық мәселелер кафедрасының меңгерушісі Павлова Ольга Сергеевна ислам психологиясының мазмұны мен әдістерін ажырату мәселелеріне арналған баяндамасын ұсынды. Сондай-ақ Ресейдегі Мұсылмандарға психологиялық көмек көрсету қауымдастығы төрағасының орынбасары Яхин Филюс Флюрұлы ислам психологиясының пәні мен әдістерін іздеу мәселелерін көпшілік талқысына салса, Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы Ясауи іліміндегі психотехникалар туралы онлайн баяндама жасап, конференцияға қатысты. Талқылау барысында қатысушылар діни практикалардың психикалық денсаулыққа әсерін, исламдық этиканы ескере отырып психологиялық көмек көрсету әдістерін әзірлеуді және дәстүрлі тәсілдерді заманауи ғылыми зерттеулерге енгізу мәселелерін талқылады. Конференция пәнаралық тәсілдің маңыздылығын және ислам мәдениеті контекстіндегі психологияны зерттеудің өзектілігін көрсетті.

Осы іс-шара аясында 2024 жылғы 29 қарашада «Ислам парадигмасындағы дін психологиясы» атты халықаралық семинар өтті. Семинарда дін мен психологияның өзара әрекеттесуіндегі мәдени, этикалық және рухани мәселелер талқыланды. Басты тақырыптар ғаламдық өзгерістер жағдайындағы діни тәжірибенің рөлі, психологиялық көмекті цифрлық дәуірге бейімдеу және ислам құндылықтарын қазіргі психотерапияға интеграциялауға арналды. Шара білім алмасу мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналды және қатысушылардың жоғары бағасын алды. Ұйымдастырушылар құнды баяндамалары мен пікірлері үшін барлық қатысушыларға алғыстарын білдіріп, конференция нәтижелері болашақ ғылыми зерттеулердің негізі болатынын атап өтті.

Аталмыш іс-шаралар Тұрақты даму мақсаттары» жобасының «Сапалы білім» мақсаты аясында өткізілді.

 

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы

Филол.ғ.к., қауымд.проф. Балтымова М.Р.,

PhD, аға оқытушы Утебаева Д.С.

                                                          2 курс дінтану мамандығының магистранттары:

                                                                                                  Алибаева А., Абдуллин А., Джундыбаева Г., Карім Р.