Бір-бірімізді интеллектуалдық деңгейде қолдаймыз

Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының президиумы атынан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойымен оқу ордасының басшылығын, қызметкерлер мен оқытушы-профессорлық құрамын, білім алып жатқан барша жастарды шын жүректен құттықтаймын!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – еліміздің маңдайалды оқу орны. Алматының өте көрікті, табиғаты әсем жерде орналасқан. Таза ауа, жайқалған жасыл желек. Студенттердің білім алуына барлық жағдай жасалған. Менің ойымша, қара шаңырақ оқу ордасының материалдық-техникалық базасы өте мықты.
Соңғы жылдары ҚазҰУ мен ҚР Көркемөнер академиясының арасында тығыз қарым-қатынас орнады. Біз бұған аса қуаныштымыз. Фараби кітапханасында менің жеке көрмем өтті. Одан кейін заманымыздың ақиық ақыны Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған Ақанаевтар отбасының көрмесі қойылды. Бұл көрме «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында ұзақ уақыт тұрды. Сосын біздің академияның алғашқы президенті Лаура Оразбекованы еске алу көрмесі ұйымдастырылды. Біздің тамаша досымыз, талантты суретші, тарихи артефактілермен жұмыс істеуге ерен еңбек сіңірген Қырым Алтынбековтің көрмесі өтті. Біздің академияның мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпірдің дәріс оқығанын білемін. Айта берсек, өте көп жұмыс атқарылды.
Біз ҚазҰУ ұжымымен интеллектуалдық деңгейдегі іс-шараларда бір-бірімізді қолдап, тығыз байланыс жасап келеміз. Әрдайым мәдени алмасуларға, ортақ жобаларды жасауға, көрме өткізуге қолдан келген көмегімізді береміз. Сондықтан ҚазҰУ ұжымына зор шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілейміз.
Амандос АҚАНАЕВ,
суретші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемөнер академиясының президенті
Басқа жаңалықтар

