
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰУ профессоры, ұлағатты ұстаз Жолмұхан Түрікпенұлы 90 жасқа толып отыр.
Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың: «Ұстаз – тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», – деп, ұстаз тұлғасына берген осы бір парасатты пайымы Жолмұхан Түрікпенұлының болмысына дөп келеді десек, қателеспеген болар едік.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Шыбыл ауылында дүниеге келіп, қоғамдық өмірдің сан-салалы белесінен өткен Жолмұхан Түрікпенұлы болашақ мамандарды даярлайтын педагогика мен психология ғылымы саласына ерекше ден қойған көрнекті ғалым. Өзінің ғылыми жолында 1962-64 жылдары ҚазМУ-дың «Психология» мамандығы бойынша аспирантурада оқып, педагогика ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. 1964-78 жж. Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінде Ғылыми-педагогтық кадрлар даярлау бөлімін басқарды. Зейнеткерлікке шықса да, ғұмырының 30 жылдан астам кезеңін Абай атындағы ҚазҰПУ мен Қазақ ұлттық университетінде профессор лауазымында ұстаздық етумен келеді.
Ғалым-ұстаз педагогикалық психология ғылымының Қазақстанда өсіп-өркендеп қалыптасу тарихы, осы саладағы ғылыми атаулардың –терминдердің орнығып қалыптасуына; балалар мен жастарды еңбекке баулу, болашақ кәсібін, мамандығын дұрыс таңдап алу үшін оларға кәсіби бағыт-бағдар беру жүйесі бойынша кандидаттық диссертациясының өзекті зерттеу объектісі етіп алып, психологиялық-педагогикалық астарларын зерттеуге арнады. Өзінің ұстазы, казақтың көрнекті педагог-психологі Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұраларын тереңінен зерттеп-зерделеп, ғылыми басылымдарда тың еңбектері жарық көрді.
Ғалым ұстаздың мерейтойы қарсаңында Қазақстан жоғары мектебінің ардагер тұлғасы ретінде Қазақстан ғалымдары мен Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы «Жолмұхан Түрікпенұлы» атты авторлық бірлестікте жинақ кітабын шығарды.
Жолмұхан Түрікпенұлы тәуелсіз Қазақстанның ұлттық жобаларын жүзеге асыруда әлі де өз үлесін қосып, еліміздегі психология ғылымының қарыштап ілгерілеуіне, әлемдік деңгейде танылуына зор еңбек сіңіріп келеді. Осындай ерен еңбек иесі, көрнекті ғалым Жолмұхан Түрікпенұлының ғылымға қосқан орасан еңбегі, шығармашылық жолы, кәсіби білігі психологиялық білім саласында жүрген ғалым-ұстаздар үшін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие мектебі болып жалғасып келеді.
Әйгерім МЫҢБАЕВА,
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор
Жұмагүл МОЛБАСЫНОВА,
аға оқытушы
Басқа жаңалықтар

