ҚазҰУ-дың 5 жас ғалымы пәтерлі болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 5 жас ғалымына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер кілті табыс етілді.
ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған шарада жас зерттеушілерге пәтер сертификатын ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин салтанатты түрде табыстады.
Атап айтқанда аға оқытушылар Олжас Құрманбаев пен Жанар Райымбекова, ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыс кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Амангелді, молекулалық биология және генетика кафедрасының ғылыми қызметкері Әйгерім Қуанбай, сондай-ақ аға ғылыми қызметкер Ажар Мәлік жаңа пәтердің иесі атанды.
«Қатты қуаныштымын. Мен үшін күтпеген оқиға болды. Бүгін пәтер сертификатын қолыма алып жатырмын. Айтар алғысым шексіз. Қазіргі сәтке дейін жалдамалы пәтерде тұратынмын. Енді өз үйім бар», - деді Нұргүл Амангелді.
Сонымен қатар пәтер иесі атанған жас ғалымның бірі - Ажар Мәлік. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 9 жыл білім алып, қазіргі сәтте аталған оқу ордасында табысты жұмыс істеуде.
«ҚР Президентінің шешімімен жас ғалымдарға пәтер сертификаты берілетінін естідім. Бірақ сол тізімге еніп, пәтер иесі атанамын деген ой болған жоқ. Бүгін табыстағанда қатты қуандым. Осы орайда жас ғалымдардың еңбегін бағалап жатқан барлық жанға алғысымды білдіргім келеді. Ата-анамның үйінде тұратынмын. Алдағы уақытта жаңа пәтерге көшуді жоспарлап отырмын», - дейді жас ғалым Ажар Мәлік.
Шарадан соң жас ғалымдар жаңадан берілген пәтерлеріне барып, алғашқы сезімдерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі