ҰЛЫ ОРДАМНЫҢ ТӨРІНДЕ ЖАРЫҚ БАР МЫҢ…
(ҚазҰУ-дың 90 жылдығына)
Білім нәрі төгілген кемерінен,
Тарихы бар тамырлы тереңінен.
Қасиетті білімнің ордасы бұл -
Таланттыны тап басып көре білген.
Тоқсан жылдық тарихы қазыналы,
Қойнауында гүл ғұмыр назы қалды.
Болашақтың ұрпағы аршып жүрер,
Тоқсан ғасыр көмбесін қазып әлі.
Бұл мекенде ұлтымның болашағы,
Зерделілер еліне жол ашады.
Томағасын сыпырған талайлардың,
Биіктеткен біліммен аласаны.
Шақырғанда қол бұлғап арман алдан,
Кім өтпеген шіркін-ай, жалғандардан.
Ұлағатын ұғындық қара сөздің
Құс тістеген аузымен заңғарлардан.
Ұлы ордамның төрінде жарық бар мың,
Тарландарды таусылмас танытқан шың.
Тәлім алдық алдынан Қожакеев,
Амандосов Таумандай алыптардың.
Жүріп өткен бұл жерден ғұламалар,
Шың басынан мөп-мөлдір бұлақ ағар.
Түлеп ұшқан киелі шаңырақтан,
Жалын болып лаулайды шырағдандар.
Орны ерекше ұлы ордам, тұлғаларым,
Тұнған дарын кені ғой жылғаларың.
Толтырыңдар қойнауын сарқылмаған,
Білім деген ғаламның сырлы аралын.
Алмагүл ҚАРЖАУБАЕВА,
ақын, Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
университеттің 1981 жылғы түлегі