Абай әлемі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасы соңғы жылдары дәстүрге айналған «Айналаңды нұрландыр!», «Студенттер оқуға тиісті 100 кітап» сияқты іс-шаралар аясында кафедра жанынан құрылған «Кіші Фараби» академиясының ұйымдастыруымен «Абай жұмбақтығы – философиялық мәселе» атты факультетіміздің алғашқы түлектерінің бірі Шақанай Әбдірайымовтың (1930–2006 жж.) сүбелі үш томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Мәнді де мазмұнды өткен шараны кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Г.Нұрышева жүргізе отырып, қазақстандық ғылыми қауымдастықтың соны пікірлері мен ой-толғамдарын ортаға салды. Осы аталмыш тұсаукесердің өтуіне мұрындық болған белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор М.Сәбит екендігін айта кеткен жөн. Ол өз кезегінде дүниеден озған Ш.Әбдірайымов еңбегінің жарық көруіне себепкер болып, туындының қолжазба түрінен үш томдық еңбекке айналуына тікелей араласқан ойшылдарды топтастыра алды.
Тұсаукесерде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі Д.Ахметбаев, Д.Әубәкір, Б.Әбдікәрім, ғалымның қызы Райхан Шақанайқызы Әбдірайымова, ҰҒА философия, саясаттану және дінтану институтының профессорлары С.Нұрмұратов, Г.Барлыбаева, А.Қапышев және философия кафедрасының ұстаздары Л.Асқар, Б.Аташ, Ә.Құранбек және т.б. қатысып, үш томдық шығарманың жарыққа шығу тарихы мен қыр-сырын ашып, талдау жасады. С.Нұрмұратов адамзат тек саяси-экономикалық, материалдық қажеттіліктерді қанағаттандырумен шектеліп қалмай, руханияттық және мәдени арнаға бет бұру қажеттігін, сондай-ақ мұндай ұстанымдар адамзат өркениетінің дамуы үшін маңызды рөл атқаратынын айтты.
Л.АСҚАР, Б.АТАШ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары
http://aikyn.kz/ru/articles/show/18537-abai_lem_