Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет
![](/storage/news/367321532767a9ebc02463b651668527_001.jpg)
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатындағы көтерілген көптеген өзекті мәселелерге байланысты өзімнің ойымды айтуды жөн санадым.
Шын мәнінде 27 миллион тоннаға жуық астық жинаған диқандарымыздың жетістігі айрықша. Бұл соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш. 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында балаларға төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді.
Елімізде шетелдің 10-нан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшелері ашылды. Соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында инженерлік мамандықтар бойынша магистрларды даярлау үшін ҚХР-дың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы және РФ-ның МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылғанын атап өткеніміз жөн.
Жыл сайын елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі артып, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Әлемдегі аса күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, біздің еліміз бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы былтырғы су тасқынына байланысты атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Атап айтсақ, апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында жұртшылықты құтқарып, аман алып қалдық. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер құтқарушыларға жәрдемдесті, гуманитарлық көмек ұйымдастырып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, бір ел болып және бір халық болып жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік.
Былтыр елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Игі бастама барлық өңірді қамтыды. Бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді. Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алатынын, бұл кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін атап өтті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл бұрын болған қаңтар оқиғасына да тоқталды. Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайды қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, біз халықтың берекелі бірлігінің арқасында осы ауыр сынақтан сүрінбей өттік. Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымызға, яғни Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет. Бұл қағидатқа қарсы шығатындар «демократиялық құндылықтар» деген желеумен қоғамға іріткі салып, түбінде Қазақ мемлекеттігін жоюды көздейтіні айдан анық. Бұған еш көнуге болмайды. Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы. Бұл мақсатқа жету оңай емес.
Ел Президенті сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» туралы өз ойын ортаға салды. «Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?!» – деп өзінің ойын қорытындылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты елімізге терең ой салу және биылғы атқарылатын жұмыстарға тың серпін беру үшін жасалған арнайы үндеу. Ел Президенті бәрін де тиянақтап, көпшілікке тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп берді. Енді тек осы үлкен де жауапты міндеттерді орындау ғана қалды. Ол үшін әрбір қазақстандық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла еңбек етуі керек.
Қалдарбек
ҚУАНДЫҚОВ,
Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті,
заң ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар
![](/storage/news/199226542767ab129ced022779042524_12.jpeg)
![](/storage/news/339977538967ab130e225b1415485901_13.jpeg)
![](/storage/news/346600759867aac0129e0cb286923247_002.jpeg)