Саламатты өмір сүрудің жолы
ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультеті мен ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен ежелгі Қытай дәстүріндегі емдеу тәсілінің маманы, Тибет медицинасы саласындағы халықаралық деңгейдегі емші Сариева Әсеткүл Ешенбекқызының «Дәру болсам деп едім» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақтың емін классикалық емге ұластырған Әсеткүл Ешенбекқызы Қытайдағы Шанхай Шығыс мектебінен үгу, үзу, ине салу мамандықтарын меңгерген. Мәскеу қаласында эниология, ВНИЦТНМ «ЭНИОМ» оқу орнында Рухани емдеуші мамандығын тәмамдаған. Корейдің су- джок терапиясын меңгерген ол 2008 жылы Германияда Фрайбург клиникасында «Су астындағы бұлшық етті гимнастикамен емдеу» тәсілдерін игерген.
Ол туралы 2000 жылы «Өмір жыры» кітабы «Тоғанай» баспасынан жарық көрді. 2003 жылы «Нұр жауған елге барғанда» деген кітапшасы шықса, 2011 жылы «Тойға тарту» атты кітабы жарық көреді. Ал биыл сол дәстүрлі рухани жолын «Дәру болсам деп едім» атты кітабымен жалғастырып отыр. Әр кітап салауатты өмірді насихаттайды. Денсаулықты күту мен таза жүрудің тамаша жолдары, кеңестерге толы.
Шараны ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің деканы Заядан Болатхан мырза ашты. Тұсаукесер рәсімін жүргізіп отырған ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова кітап авторы жайлы: «Ғылыми медицина мен халықтық емді қатар өріп, шебер үйлестіріп, кәсіби тұрғыда өзінің тәжірибесінде пайдаланып, халыққа үлкен септігін тигізіп жүрген Әсеткүл секілді кісілерді кеңінен насихаттау керек. Әсіресе, биология және биотехнология факультеттерінің студенттеріне ғылыми материалдары мен тағылымдық мақалалары өте қажетті деп ойлаймын» деп ой бөлісті. Ал ақын Мұрат Шаймаран кітапқа оң бағасын беріп, «ұлтқа керек оқулық болды» деп пікір білдірді.
Жазушы, «Тоғанай-Т» баспасының директоры Талғат Өтегеновтың редакторлығымен жарық көрген құнды кітапқа медицина ғылымдарының кандидаты Сүлеймен Бердәулетов пікір жазған. Кітап негізінен, Ә.Сариеваның көп жылдық емшілік, көріпкелдік мол тәжірибесін талғампаз елге таратып, баяндап беруге тырысқан. Мазмұны әрлі де нәрлі, ой саларлық әңгімелерге бай. Байырғы қазақ емшілерінің емдік шаралар жасаудағы әдіс-тәсілдері мен дәстүрлі жолын әңгімесіне оңтайымен кіріктіре отырып, жақсы өмір сүрудің жолдарын насихаттайды.
http://aikyn.kz/ru/articles/show/18418-salamatty_m_r_s_rud_zholy