ҚазҰУ-да Француз орталығы ашылдыFarabi University

ҚазҰУ-да Француз орталығы ашылды

11 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш рет құрылған Француз орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

 

Салтанатты рәсімге Францияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге, Француз альянсының президенті Зүлфия Жаркешева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар  қатысты.

Жаңа орталықтың ресми ашылу рәсімінің лентасын қию салтанаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде өтті.

Салтанатты жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысушылар мен қонақтарды айтулы оқиғамен құттықтады. Ол француз тілі мен мәдениеті университеттің білім беру үрдісінде ерекше орын алатынын және ҚазҰУ жанынан Француз орталығын құру осы бағыттағы маңызды қадам екенін атап өтті. Университет басшысы сондай-ақ 2010 жылы құрылған «Гео-Энергетика» Қазақстан-Француз ғылыми-білім беру орталығының маңыздылығына тоқталып, қос диплом бағдарламалары шеңберінде Қазақстан үшін мамандар даярлаумен белсенді айналысатынын айтты. Франция елшілігі мен Алматы Француз альянсына жобаны іске асыруға көмектескені және Алматыда француз тілі мен мәдениетін дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірген ректор: «Біз университетіміздің студенттерін ғана емес, сонымен қатар француз мәдениеті мен тілін үйренуге мүдделі кең аудиторияны біріктіретін бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді түрде жәрдемдесетін боламыз», – деді.

Өз кезегінде сөз алған Францияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге орталықтың құрылуы Франция мен Қазақстанның жоғары білім мен мәдениет саласындағы көпжылдық ынтымақтастығының нәтижесі екенін атап айтты. «ҚазҰУ, Алматы Француз альянсы және Франция елшілігі ынтымақтастығының негізінде университет студенттері мен қызметкерлері француз тілін үйреніп, оны ана тілінде сөйлейтіндермен бірге қолдана алады. Сабақтарды оқытуда сапа мен жеке тәсілді қамтамасыз ететін тәжірибелі оқытушылар жүргізеді. Бұл орталық түрлі іс-шаралар, әңгімелесу клубтары мен тақырыптық пікірталастар өткізілетін қарым-қатынас пен мәдени алмасу орнына айналады», – деді елші.

Салтанатты рәсімде Алматы Француз альянсының президенті Зүлфия Жаркешева, қос диплом бағдарламасының түлегі Айым Керейқұлова, профессор Ержан Беляев және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.

Салтанатты шара аясында білім және ғылым саласындағы әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында ҚазҰУ, Француз университеттері мен ұйымдары арасындағы өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Жиынға келгендер «Farabi HUB» орталығында орналасқан ZooStan Орталық Азияны зерттеу жөніндегі қазақ-француз археозоологиялық орталығында болып, Орталық Азиядағы Тұрақты даму орталығы және дәрілік өсімдіктер орталығының жұмысымен танысты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі