Әндіжан медицина институтымен ынтымақтастық орнайдыFarabi University

Әндіжан медицина институтымен ынтымақтастық орнайды

25 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға  Әндіжан мемлекеттік медицина институтының делегациясы жұмыс сапарымен келіп, ынтымақтастық бағыттарын талқылау мақсатында университет басшылығымен кездесті.

Жүздесуде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Қазақстан мен Өзбекстанның тату көршілік қарым-қатынастарының маңыздылығын атап өтіп, университет жетістіктеріне тоқталды.

Бүгінде ҚазҰУ Өзбекстанның 20 жоғары оқу орнымен, соның ішінде: Низами атындағы Ташкент мемлекеттік университеті, Ташкент мемлекеттік шығыстану институты, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті, Ташкент қаржы институты және басқаларымен ынтымақтастық орнатқан.

Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасынан 185 бакалавриат және магистратура студенттері ҚазҰУ-да білім алуда.  2022-24 жылдар аралығында үш студент, бес докторант және 67 оқытушы оқуға, түрлі конференцияларға және ғылыми-зерттеу тағылымдамаларына қатысу мақсатында Өзбекстан университеттеріне барып қайтты. Академиялық ұтқырлық шеңберінде Ташкент медициналық институтының (ТашМИ), Самарқанд мемлекеттік медицина университетінің оқытушылары конференцияларға қатысып, бірлескен зерттеулер жүргізді.

Оқу бөлімінің проректоры, медицина ғылымының докторы, профессор Бахром Абдуллажонов биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтетін Әндіжан мемлекеттік медицина институты туралы баяндады. Институтта төрт: емдеу, педиатрия, стоматология және дәрігерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау факультеті жұмыс істейді. ЖОО 43 шетелдік жоғары оқу орны және медициналық орталықтармен берік әріптестік байланыс орнатты. Сөз соңында профессор Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен қосдипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқытушылар мен дәрігерлердің біліктілігін арттыру, ғылыми жетекшілік ету және диссертацияларды қорғау, академиялық ұтқырлық және жоғары рейтингті журналдарда ғылыми мақалалар жариялау бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы Сүндетғали Қалмаханов пен Жалпы дәрігерлік практика кафедрасының меңгерушісі Гаухар Құрманова өзбек әріптестерімен өзара пікір алмасып, Әндіжан мемлекеттік медицина институтымен әріптестік байланыс орнатуға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі