“Әпке” – жанды тербеген қойылымFarabi University

“Әпке” – жанды тербеген қойылым

10 наурыз, 2025

Жақында біз топ болып Ғабит Мүсірепов атындағы театрда Дулат Исабековтің “Әпке” қойылымын тамашаладық. Бұл – отбасы құндылығы, бауырмалдық пен өзін құрбан ету туралы терең мағыналы спектакль.

Қойылым анасыз қалған бауырларына қамқор болған әпкенің тағдырын баяндайды. Ол өз өмірін артқа ысырып, бауырлары үшін барын береді. Бірақ уақыт өте келе олар есейіп, әрқайсысы өз жолын тапқанда, әпке өзін қажетсіз сезіне бастайды. Бұл көрініс жүрекке ерекше әсер етті. Актерлердің шынайы ойыны, сахналық атмосфера мен әуен қойылымның әсерін арттыра түсті.

Бұл қойылым біз үшін жай ғана спектакль емес, үлкен өмірлік сабақ болды. Біз оны топ болып кураторлық сағатта талқылап, әркім өз әсерімен бөлісті. Әңгіме барысында әрқайсымыз қойылымдағы кейіпкерлердің тағдыры мен таңдауын саралап, оны өз өмірімізбен байланыстырып көрдік. Қойылым бізге отбасының маңыздылығын, жақын жандардың жанашырлығы мен өзара қолдаудың қаншалықты қымбат екенін тағы бір рет еске салды.

Әр адамның бұл өмірге келгендегі өз жолы, өз мақсаты бар,  адам өмірге сабақ алып, тәжірибе жинау үшін келеді, сондықтанда айналасындағы адамдарға  байланбай әркім ең алдымен өз  жолын табу керек, өзіне жақсылық жасай отырып, басқаға жақсылық жасау керек деген қорытындыға келдік.

Осындай әсерлі қойылымды көруге мүмкіндік болғанына қуаныштымын және оны көрермендерге шын жүректен ұсынамын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Биология және биотехнология факультеті
Ғылыми биология мамандығы
ББ24-03 группа
Куратор: Омарова Жанар Сагатовна