Экономика ғылымының дамуына зор үлес қосқан қайраткер

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі – Қазақстандағы экономикалық және басқарушылық білім беру саласындағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Бұл факультет жылдар бойы ұлттық және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті экономистер мен басқару саласының мамандарын даярлап келеді. Оның түлектері Қазақстанның мемлекеттік басқару, бизнес және ғылыми-зерттеу секторларында жоғары лауазымдарға ие болып, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Осындай көрнекті түлектердің бірі – экономика ғылымының докторы, профессор Сұлтан Нысанбаев.
Сұлтан Нысанбаев – Қазақстанның жоғары білім беру және экономика ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым, педагог және ұйымдастырушы. Ол өзінің бүкіл өмірін ғылым мен білімге арнап, ел игілігі үшін қызмет етуге жұмсады.
Сұлтан Нысанбаевтың есімі Қазақстан экономика ғылымында ерекше орын алады. Ол ҚазҰУ-дың экономикалық факультетінде ұзақ уақыт қызмет етіп, Микро- және макроэкономика, Маркетинг және коммерция кафедраларын басқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу бағыты – экономика категорияларын, баға белгілеу механизмдерін, ғылыми-техникалық прогресті ынталандыру және өндіріс тиімділігін арттыру мәселелерін қамтиды. Ол экономика және маркетинг саласында 70-тен астам ғылыми еңбек жариялап, бірнеше оқулық пен әдістемелік құралдар жазды. Әсіресе қазақ тіліндегі экономикалық әдебиеттердің дамуына қосқан үлесі ерекше.
С.Нысанбаев ҚазҰУ-дың Маркетинг кафедрасының негізін қалаушысы ретінде танылып, оның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Ғалым маркетинг және стратегиялық менеджмент саласында маңызды ғылыми зерттеулер жүргізіп, еліміздің экономикалық білім беру жүйесін жетілдіруге айтарлықтай ықпал етті. Оның бастамасымен маркетинг саласындағы оқу бағдарламалары жаңартылып, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді, бұл Қазақстанда бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашты.
Профессор алты рет маркетолог мамандарды тәрбиелеп шығарды, олардың арасында бүгінде ірі компанияларды басқарып отырған кәсіпкерлер мен экономистер бар. Сондай-ақ оның жетекшілігімен маркетинг, баға белгілеу және коммерциялық кәсіпкерлік бойынша оқулықтар жарық көрді, олар қазіргі таңда Қазақстан ЖОО-ларында кеңінен қолданылады.
Сұлтан Нысанбайұлы тек ғалым ғана емес, сонымен қатар жоғары білім беру саласында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға ретінде танылды. Ол көптеген оқу бағдарламалары мен мемлекеттік білім беру стандарттарын әзірлеуге атсалысып, экономика мамандықтары бойынша оқу жоспарларын жасауға белсенді түрде қатысты.
Ғалымның ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі тек Қазақстанмен шектеліп қалған жоқ. Ол Мәскеу, Киев, Ташкент, Санкт-Петербург секілді ғылыми орталықтармен тығыз байланыста болып, шетелдік ғылыми конференцияларға белсенді түрде қатысты. Оның зерттеулері халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, экономикалық ғылымдағы өзекті мәселелерді шешуге өз үлесін қосты.
Көптеген студенттер мен жас ғалымдар Сұлтан Нысанбаевты өздерінің ұстазы әрі тәлімгері ретінде құрметтейді. Ол тек кәсіби білімімен ғана емес, сонымен қатар адами қасиеттері, әділдігі және қамқорлығымен ерекшеленді. Сұлтан Нысанбайұлының аялы алақанының жылуын кафедра ұстаздары ғана емес, олардың отбасы мен балалары да көрді. Әр баланың атын біліп, қызығушылығымен танысып, болашағына қеңесін беріп отыратын. Оның тәрбиесін көрген шәкірттері бүгінде Қазақстан экономикасының түрлі салаларында табысты қызмет етуде. Ел экономикасының сан қилы саласында жетекшілік қызмет атқаруда, ҚР жоғары оқу орындарында дәріс беруде.
Сұлтан Нысанбаев – Қазақстанның экономика ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, педагог және қоғам қайраткері. Оның еңбектері, ғылыми зерттеулері мен тәлімгерлік қызметі ел болашағына қызмет ететін жас мамандарға үлгі болып қала береді. Ол өмірінің әрбір сәтін ғылым мен білімге арнаған шынайы ұстаз, қайраткер тұлға.
Гүлмира ЕСЕНГЕЛДИЕВА,
Экономика кафедрасының
аға оқытушысы
Басқа жаңалықтар


