ЖИ-мен жұмыс істеудің жаңа тәсілдеріFarabi University

ЖИ-мен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері

14 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Білім беру саласындағы жасанды интеллект (ЖИ): сын-тегеуріндері мен эволюциясы» атты  VI халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Ауқымды іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар мен мамандар, зерттеушілер, оқытушылар, сарапшылар мен студенттер қатысты. Конференцияның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды.  

Пленарлық отырыста ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова, Шет тілдері кафедрасының меңгерушісі Жәмила Досмағамбетова сөз сөйледі.

Дәстүрлі конференция бүгінде ғылым мен білім берудегі заманауи жетістіктерді талқылайтын маңызды алаңға айналды. Қатысушылар оқыту бағытында жасанды интеллектіні қолдануға, оның ғылыми-білім беру практикасына әсерін және цифрландыру жағдайында білім беру мекемелерінің алдында тұрған сын-тегеуріндерге байланысты тақырыптардың кең ауқымын қарастырды. Ғылыми пікір алмасу мүмкіндіктерін құруға ерекше назар аударылды. PhD, Дубай авиациялық университетінің доценті Тео Мойтаба Аммари, деректер талдаушысы және Americor бағдарламалық өнімдерінің менеджері  Моника Ольга Финелли (АҚШ), Калифорния университеті ағылшын тілі мен әдебиетінің маманы Анджела Попович, Нельсон Марлборо Жаңа Зеландия технологиялық институтының дизайнері Нелли Асматуллаева және басқалар баяндамаларымен таныстырды. Мамандар мен ғалымдар ғылыми-білім беру процесінің тиімділігін арттыра алатын жаңа тәсілдер мен жұмыс әдістерімен бөлісе отырып, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.

Халықаралық конференция жұмысы үш секцияда өтті, онда қатысушылар өз жұмыстарын ұсынуға және тәжірибелі әріптестерінен сындарлы кері байланыс алуға бірегей мүмкіндік алды. Конференция делегаттары жасанды интеллект білім мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктер ашатынын көрсетті, бірақ оны енгізу мұқият талдау мен талқылауды қажет ететінін атап өтті.

Қатысушылар  барлық елдердің ғалымдары арасындағы ынтымақтастық  пен білім алмасу процесінің одан әрі дамуы жасанды интеллект (ЖИ) жағынан ғылым және білім саласына әкелетін түрлі мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді тереңірек түсінуге ықпал ететініне келісті. Олар атап өткендей, VI халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция халықаралық байланыстарды нығайтып, білім мен ғылымдағы инновациялық тәсілдерді дамытуға серпін берген маңызды оқиға болды. Шара соңында секция төрағалары есеп беріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі