ҚазҰУ-да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Наурыз мерекесі қарсаңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру қажет екенін атап өтті. «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама. Мен осы жерде Таза Қазақстанның тағы бір сипаты – азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан дүниесінің тазалығы екенін атап өткім келеді. Рухани тазалық – ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактордың бірі. Демек, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ата дініміз де оң ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.
«Таза Қазақстан» аясында өткен сенбілік университеттің келбетін жақсартуға және студенттер мен қызметкерлер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шараға ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері және 16 факультет студенттері қатысып, қоқыстарды тазарту, ағаш отырғызу, спорт және оқу алаңдарын ретке келтіру, жасыл аймақтарды абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі