Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» пьесасының сахналануы

19.03.2025 жылы Конкордия студенттік театрында Дулат Исабековтің "Жүз жылдық махаббат" пьесасына кураторлық сағат аясында бару ұйымдастырылды. Іс-шараға Молекулалық биология және генетика кафедрасының 1 курс магистранттары Сыдықбек Жазира, Нұржанқызы Зәузат, Жапарғали Сымбат, Тұрар Толғанай қатысты. Жауапты тұлғалар – Генетика мамандығының 1 курс докторанттары Мелисбек Айбарыс пен Абайлдаев Арман.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін кеңейту, тарихи санасын дамыту, театр өнеріне қызығушылығын арттыру, сондай-ақ оның жары Зылиханың қиын тағдыры мен еріне деген шексіз сүйіспеншілігін насихаттау. Пьеса қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев пен оның жары Зылиханың тағдырын бейнелейді. Қойылым Зылиханың естеліктері арқылы өрбіп, Мағжанның өміріндегі ауыр сынақтарды, саяси қуғын-сүргіннің зардаптарын және олардың бір-біріне деген терең махаббатын көрсетеді. Мағжанның поэзиясындағы еркіндік пен ұлтжандылық тақырыптары спектакльде ерекше көрініс тапты. Зылиха – тек ақынның жары ғана емес, оның шығармашылығы мен рухани мұрасының сақталуына үлес қосқан қайсар жан. Ол Мағжанның өлеңдерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзіне парыз санаған. Оның адалдығы, төзімділігі мен сүйіспеншілігі қойылымның басты идеялық желісі ретінде көрініс тапты.
Қойылым барысында сахналық көріністер, актерлердің шынайы ойыны, Мағжан өлеңдерінен үзінділер ерекше әсер қалдырды. Музыкалық сүйемелдеу мен жарықтық эффектілер қойылымның атмосферасын тереңдетіп, көрермендерді сол дәуірдің рухына енуіне ықпал етті. Студенттер спектакльден ерекше әсер алды, олар тек бір дәуірдің шындығын ғана емес, сонымен қатар адалдық пен махаббаттың мәңгілік құндылығын сезіне білді. Мағжанның қайсар рухы, оның шығармаларындағы отансүйгіштік пен еркіндік аңсары, сондай-ақ Зылиханың шексіз адалдығы көрермендерді терең толғандырды. Кейбір студенттер үшін бұл қойылым тарихи сананы жаңғыртудың, қазақ зиялыларының басынан кешкен ауыр кезеңдерді тереңірек түсінудің тамаша мүмкіндігі болды. Қойылымнан кейінгі пікірталаста студенттер Зылиха бейнесінің маңыздылығы туралы, оның мызғымас сенімі мен төзімділігі – тек әйел махаббатының ғана емес, рухани беріктіктің символы екендігін атап өтті. Сондай-ақ, актерлердің шеберлігі мен сахналық көріністердің әсерлілігі ерекше бағаланды. Көпшілік студенттер Мағжан шығармаларына деген қызығушылықтарының артқанын және оның өлеңдерімен тереңірек танысқысы келетіндерін жеткізді.
Бұл іс-шара студенттердің рухани дамуына, тарихи тұлғаларға деген құрметінің артуына ықпал етті. Театр өнері арқылы олардың әдебиетке деген қызығушылығы оянып, патриоттық сезімдері күшейді. Осындай мәдени іс-шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыру қажет деп санаймыз. Осыған байланысты алдағы уақытта басқа да тарихи және әдеби қойылымдарға бару, студенттермен көркем шығармаларды талқылау үшін әдеби талдау сабақтарын өткізу, театр өкілдерімен кездесу, шығармашылық кештерге қатысу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылады.
Басқа жаңалықтар

