IV Халықаралық Фараби форумы: Ұлы ойшылдың қазіргі заман контекстіндегі мұрасыFarabi University

IV Халықаралық Фараби форумы: Ұлы ойшылдың қазіргі заман контекстіндегі мұрасы

2 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай ұйымдастырылған IV халықаралық Фараби форумы басталды.

Дәстүрлі форумның мақсаты – әл-Фарабидің бай мұрасы арқылы қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін түсіндіру, ойшыл мұрасын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдарды біріктіру, әлемнің жетекші ғалымдары арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың жаңа алаңын құру.

Форумға АҚШ, Ресей, Италия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Сирия, Египет және Иран сынды алыс-жақын шетелдерден 100-ден астам ЖОО ғалымдары қатысуда.

«Адамзат тарихындағы әл-Фараби мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастау алған ауқымды шараны ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашты. «Отандық ғалымдардың іргелі зерттеулерінің арқасында Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі мәдени символға айналды, ал оның түркі мәдениеті мен руханиятынан бастау алған мұрасы қазақ мәдениеті мен ұлттық мақтанышымыздың қайнар көзі», – деп атап өтті проректор.

Сондай-ақ конференцияның ашылуында Алматы қаласындағы Түркия Республикасы Бас консулдығының білім жөніндегі кеңесшісі Айхан Коркмаз, Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісінің орынбасары Салих Альбедах, Иран Ислам Республикасының Алматыдағы мәдени өкілдігінің директоры Хосейн Агазаде, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самих Дерех және басқалар сөз сөйледі.