ТДМ-16: «Бірлік пен татулық – елдің тұрақты дамуының негізі» атты мерейтойлық іс-шара өттіFarabi University

ТДМ-16: «Бірлік пен татулық – елдің тұрақты дамуының негізі» атты мерейтойлық іс-шара өтті

22 ақпан, 2025

Алматы қаласындағы Республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен татулық – елдің тұрақты дамуының негізі» тақырыбында салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің шет тілдер кафедрасы доцент Динара Досмағамбетованың жетекшілігімен Қырғыз этномәдени бірлестігі «Мураспен» бірлесіп ұйымдастырды.

Мерекеге Республикалық Достық үйінің басшысы Нұрсауле Абдықалыққызы Алтекова, «Вайнах» шешен-ингуш халқы мәдениетін дамыту қоғамының тең төрағасы Ахмед Сейдрахманұлы Мурадов, «Мурас» қырғыз этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Манас Нурмаматович Ташыбеков, Қырғыз Республикасындағы «Кыргыз тили» республикалық қоғамының президенті Райымжан Рахманұлы Курбанов, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шет тілдер кафедрасының оқытушылары, 1-курс студенттері мен Алматы қаласындағы әскери академия курсанттары қатысты.

Іс-шараға қатысушыларды құттықтау сөзімен Қырғыз этномәдени бірлестігінің «Мұрас» төрағасының орынбасары Манас Нурмаматович Ташыбеков сөз сөйледі. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы консулдығының өкілі Жеңішбек Асанқұлович Асанқұлов қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде бұл іс-шараның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Бұл іс-шара жастар арасында бірлік пен келісімді нығайту, патриоттық тәрбиені дамыту және қоғамдық белсенділіктерін арттыруға бағытталды.

Салтанатты құттықтаулардан кейін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері, түрлі этникалық топтардың өкілдері қатысқан мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Концерт барысында студенттер қырғыз, өзбек, түрік, түрікмен, неміс және қазақ халықтарының билерін, әндері мен музыкалық нөмірлерін орындап, мәдени көптүрліліктің көрінісін паш етті. Неміс тілінде білім алатын студенттер ұлттық би билеп, ерекше әсер қалдырды. Бағдарламаны химия факультетінің 1-курс студенті Михаил Симонов неміс тілінде жүргізді.

Іс-шара ел бірлігін нығайту, жастар арасында этносаралық түсіністік пен мәдениетті құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында өткізілді. Қатысушы студенттер мұндай шаралардың болашақта ұлттар арасындағы достықты нығайтуда және кәсіби даму жолында маңызды тәжірибе екендігін атап өтті.  Мерейтойлық жиын соңында барлық ұйымдастырушыға «Алғыс хат» табыс етілді.