- Басты бет
- Жаңалықтар
- Халықаралық ынтымақтастықты нығайту: Орду университетінің өкілдерінің ҚазҰУ-ға сапары
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту: Орду университетінің өкілдерінің ҚазҰУ-ға сапары

2024 жылдың 30 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультетіне Ordu университетінің ректоры профессор, доктор Orhan Baş және проректор профессор, доктор Hakan Timur ресми сапармен келді.
Сапардың басында Фундаменталды медицина кафедрасының «Жалпы медицина», «Стоматология» және «Фармация» білім беру бағдарламалары бойынша қазақ, орыс және ағылшын топтарының студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Студенттер халықаралық академиялық алмасу мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытып, Түркияда оқу ерекшеліктері жайында сұрақтар қойып, ұсынылған ақпарат үшін алғыстарын білдірді.
Кездесуге факультет деканы, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор С.Б. Калмаханов және кафедра оқытушылары — PhD, қауымдастырылған профессор Т.А. Ахаева және PhD, қауымдастырылған профессор м.а. А.С. Бондаренко қатысты.
Кездесу барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Түркияның Орду университеті арасындағы хаттама талқыланды. Бұл келісімге сәйкес, этникалық тегіне қарамастан барлық студенттер «Орхун» академиялық алмасу бағдарламасына қатыса алады және Орду университетінің медицина және стоматология факультеттерінде бір семестр бойы білім ала алады. Оқу 1-курстан 6-курсқа дейін қабылданады және іріктеу емтихандарынсыз жүзеге асырылады. Оқу тілі — түрік тілі, ал оған дейін студенттер бір жыл бойы ТОМЕР (түрік тілін үйрету орталығы) бағдарламасы бойынша дайындық курсынан өте алады.
Кездесу барысында Орду университетінде білім алатын студенттердің клиникалық дайындығына ерекше назар аударылды.
5-курс пен интернатура кезеңінде студенттер әртүрлі клиникалық жағдайлармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Профессорлар мен оқытушылардың жетекшілігімен олар нақты науқастармен жұмыс жасап, түрлі ауру түрлерін оқып-үйреніп, тәжірибеден өте алады, өйткені университеттің көпсалалы клиникасы 1200 төсек-орынға ие.
Кездесу соңында профессор Orhan Baş студенттерге өздерінің жеке оқу әдістемелерін дамытып, басқа біреудің тәсілдерін көшірмеуге кеңес берді. Сондай-ақ, ол студенттерге балл үшін емес, білім үшін оқуға шақырды.
Бұл сапар халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды және кәсіби әрі тұлғалық дамуға ұмтылатын студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Профессорлардың шабыттандыратын сөздері дәрігер мамандығының маңызын еске салып, болашақ медицина қызметкерлерін білімге, тәртіпке және өз ісіне адал болуға ынталандырды.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім» бағыты аясында ұйымдастырылды, ол барлық адамдар үшін инклюзивті және әділ сапалы білім алуды қамтамасыз етуге және өмір бойы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Басқа жаңалықтар


