ҚазҰУ «Ana tili» газетінің ұжымын құттықтады

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Ana tili» газетінің құрылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті.
Шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, «Ana tili» газетінің қоғамдық пікірді қалыптастырудағы және қазақ тілін қолдаудағы маңыздылығын атап өтті.
Ректор Жансейіт Түймебаев бұл басылым оқырмандарды елдегі және әлемдегі оқиғалар туралы хабардар етіп қана қоймай, мәдени мұра мен ұлттық бірегейліктің дамуына ықпал ететінін атап айтты.
«Газет қоғамның өзекті мәселелерін қозғайды және қазақ зиялыларының, білікті журналистер мен тәжірибелі журналист-ғалымдардың әлеуетін біріктіреді. Мемлекеттік қолдаудың және кәсіби шығармашылық ұжымның еңбегінің нәтижесінде басылым мазмұны жаңарып, сапалы деңгейге көтерілді. Әр жылдары газетті Жарылқап Бейсенбайұлы, Жұмабек Кенжалин, Мереке Құлкенов, Бауыржан Омарұлы, Мақсат Тәж-Мұрат, Самат Ибраим, Қали Сәрсенбай, Жанарбек Әшімжан сияқты журналистер басқарды.
Бүгінгі таңда «Ana tili» басылымымен қатар «Қазақ газеттері» серіктестігінің құрамына кіретін бірнеше басылымдар мерейтойларын атап өтуде. «Мысль» қоғамдық – саяси журналына 105 жыл, «Ақ желкен» журналына – 100 жыл, балалар басылымы – «Ұлан» газетіне-95 жыл толды. Аталмыш басылымдарда жұмыс істейтін журналистердің көпшілігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлектері. ҚазҰУ бүгінде ұлттық журналистиканың ұстаханасы болып табылады және қазақ газеттерімен тығыз байланыс орнатқан» – деп атап өтті ректор.
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белгілі қаламгерлер, журналистер және басқа да құрметті қонақтар жиналды. Қатысушылар газеттің жетістіктерін, оның қазақ журналистикасының дамуына қосқан үлесін айрықша атап өтті.
Жиын соңында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бірқатар журналистері ҚазҰУ-дың «Farabi» алтын медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медалдерімен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


