Ортақ мүдде аясындағы ынтымақтастық

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен Шаньдун қоғамдық ғылымдар академиясының делегациясы келді. Кездесуде өзара тиімді серіктестік мәселелері талқыланды.
Делегацияны ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қарсы алды. Ол қонақтарға университеттің ғылым және жоғары білім саласындағы стратегиялық қызметі жайлы ақпарат беріп, ҚазҰУ Қытайдың 65 жоғары оқу орны және ұйымдарымен ынтымақтастықта екенін жеткізді. Сонымен қатар қол қойылған келісімдер аясында жүргізіліп жатқан академиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары, академиялық алмасу бағдарламаларына тоқталды. Ол бойынша 2024-25 оқу жылында 21 оқытушы, 5 докторант, 9 магистрант Қытайдың жоғары оқу орындарына жіберілді. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Қытай Халық Республикасынан 1440 студент білім алуда.
Сондай-ақ Еркін Дүйсенов 2022 жылы өсімдік шикізатынан инновациялық өнімдер шығаратын шағын өндіріс – Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығының ашылғанын және медицина және денсаулық сақтау факультетінің қызметі туралы хабардар етті.
Бұл факультетте екі мектеп жұмыс істейді: Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі және Медицина жоғары мектебі. Бұған қоса, «Инновациялық денсаулық сақтау» ғылыми орталығы бар. Факультет ғалымдары белсенді ғылыми жұмыстар жүргізуде: 15-ке жуық халықаралық және ұлттық ғылыми жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде Erasmus+ бағдарламасы бойынша төрт жоба бар. Зерттеулер Денсаулық сақтау ғылыми-зерттеу институты мен Денсаулық сақтау және қоршаған орта бойынша арнайы зертханасы базасында жүргізіледі.
Өз кезегінде Шаньдун қоғамдық ғылымдар академиясының басқарма төрағасының орынбасары Хань Цзяньвэнь академия Шаньдун провинциясы партия комитетіне тікелей бағынатын кешенді ғылыми-зерттеу ұйымы екенін тілге тиек етті. Академия құрамында 16 зерттеу институты бар. Қадірменді қонақ бүгінде оның барлық бағыттары тұрақты прогресс пен динамикалық дамуды көрсететінін атап өтті.
Кездесу барысында екі тарап өзара тиімді серіктестік бағыттары, соның ішінде дәстүрлі қытай медицинасы бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, қытай және батыс медицинасын интеграциялау, қос диплом алу мүмкіндігі, студенттер, оқытушылар және зерттеушілер үшін академиялық алмасулар ұйымдастыру, фармакология және биоинженерия саласында бірлескен зерттеу орталығын құру, екі тарап ғалымдарының қатысуымен ғылыми-техникалық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, халықаралық гранттарға қатысу және жетекші ғылыми журналдарда жарияланымдар жасау мәселелерін қарастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
