
Мәдени-көпшілік іс-шаралар ішінде түлектер күні ерекше орын алады. Бұл – университеттен түлеп ұшқан түлектерді қайта біріктіретін, жылы естеліктерге толы мереке. Биылғы Түлектер күні ерекше көңілді, әсерлі және салтанатты өтті. Мерекеге әр жылдардағы түлектер қатысты. Ресми бөлімде ректордың, құрметті қонақтардың және ардагер оқытушылардың құттықтаулары айтылды. Түлектердің ғылым, бизнес, мәдениет және қоғамдағы жетістіктері атап өтілді.
Мерекенің басты көріністерінің бірі — АРТ-орталық пен түлектердің орындауындағы шығармашылық концерт болды. Ақ көйлек пен смокинг киген 100-ден астам студенттің орындауындағы түлектер вальсі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Димаш Құдайбергеновтің хит әніне қойылған заманауи флешмоб әлеуметтік желілерде ең көп жағымды пікірлер жинады. Халық билері мен патриоттық әндер жоғары деңгейде орындалды.
Мерекенің шарықтау шегі – «Жасай бер, ҚазҰУ!» әнінің сүйемелдеуімен Farabi university туын алып шығу және мерекенің аты жазылған әуе шарының аспанға ұшырылуы болды. Ресми бөлімнен кейін фуршет, бейресми қарым-қатынас, жаңартылған корпустар мен зертханаларға экскурсиялар ұйымдастырылды. Түлектер университеттің өзгергеніне таңғалып, оның рухының сол күйінде — күшті, шабыттандыратын әрі туған ордадай сезілетінін атап өтті.
Түлектер күні – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – университеттің үлкен әрі тату отбасы екенін әркімнің жүрегімен сезінетін күн.
Басқа жаңалықтар


