ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫ SCOPUS МАҚАЛАЛАРЫ ҮШІН 145 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ СЫЙАҚЫ АЛДЫFarabi University

ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫ SCOPUS МАҚАЛАЛАРЫ ҮШІН 145 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ СЫЙАҚЫ АЛДЫ

15 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми жетістіктерді ынталандыру мақсатында оқу орнының ғалымдарына Scopus халықаралық деректер базасында жарияланған мақалалары үшін жалпы көлемі 145 миллион теңге сыйақы тағайындалды.

Ғылыми жарияланымдарға сыйақы тағайындау жүйесі ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, ғалымдарды беделді халықаралық журналдарда белсенді жариялануға ынталандыру мақсатында жыл сайын жүзеге асырылып келеді.

Scopus – әлемдегі ең беделді халықаралық дерекқорлардың бірі. Онда жариялану ғалым еңбегінің жоғары сапасын, жаңашылдығын, оның халықаралық деңгейде мойындалуын көрсетеді. Университет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау университеттің әлемдік рейтингтердегі орнын нығайтуға және ғылыми беделін арттыруға,  сонымен қатар ғылыми ортадағы әділ бәсекелестікті қалыптастырып, зерттеу сапасын жаңа деңгейге көтеруге елеулі үлес қосары сөзсіз.

Сыйақы иегерлері қатарында жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік және гуманитарлық ғылым салаларының өкілдері бар. Биылғы жылы университет ғалымдарының халықаралық жарияланым белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Бірқатар зерттеулер шетелдік жетекші университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлесіп орындалған, бұл еңбектер қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

2024 жылы ҚазҰУ ғалымдары 1 591 мақала жариялады. Оның ішінде 1 276-сы — шолу және зерттеу мақалалары, ал шамамен 400-ге жуық мақала 1–2 квартильдегі және процентилі 50-ден асатын жоғары рейтингті журналдарда жарық көрді. Бұл жарияланымдар тек шетелдік ғылыми басылымдарда ғана емес, ҚазҰУ-дың өз ғылыми журналдарында да жарияланды.

Қазіргі уақытта университетте 26 ғылыми журнал шығарылады, оның бесеуі Scopus базасына, ал алтауы Web of Science базасында индекстеледі. ҚазҰУ ғылыми журналдарының деңгейі жыл сайын өсіп келеді.

Алдағы уақытта Scopus дерекқорындағы жарияланым сапасын арттыру мақсатында арнайы тренингтер мен ғылыми семинарларды жалғастыру жоспарлануда. Ғалымдарға мақалаларын жоғары рейтингті журналдарға жолдау үшін әдістемелік және редакциялық қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, жас зерттеушілердің ғылыми белсенділігін қолдау үшін гранттар мен стипендиялар бағдарламасы жүзеге асырылуда. ҚазҰУ алдағы уақытта жарияланымдар санын және дәйексөз көрсеткіштерін ұлғайтуды көздеп отыр.

Scopus-та жарияланған әр мақала – университет ғалымдарының кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі