Ұлттық университеттің шығыстанушылары Үндістанда

24 ақпан, 2016

Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының доценті Шадкам Зубайда және аға оқытушы Б.БазарқуловаҮндістанның Ассам штаты Гувахати қаласындағы Гаухати университетінде Парсы департаментінің ұйымдастыруымен «Үндістан, Иран, Ауғаныстан және Орталық Азия арасындағы мәдени ықпалдастық: Шығыс ғалымдарының, сопылардың және парсы ақындарының қосқан үлесі» атты тақырыпта халықаралық ғылыми семинарға қатысып, баяндама жасап қайтты.

Гаухати университетінде Парсы департаментінің негізі 1977 жылы қаланған. Департаментті профессор Ахмед Рекибуддин басқарады. Жоғарыда аталған елдер арасындағы қарым-қатынас және өзара алмасулар мәселесі бойынша халықаралық семинар жүйелі түрде өтіп тұрады. Делидегі Дж.Л.Неру университеті, Калькутта, Аллигарх және басқа қалалардағы университеттерден ғалымдар шақырылған. Парсы тілін оқытатын бөлімдер арасында ынтымақтастық өте жоғары деңгейде екендігі бірден байқалады.

Халықаралық семинарды өткізуге Иран Ислам Республикасы және Ауғаныстан елдерінің елшіліктері қолдау көрсеткен. Семинарға Иран Ислам Республикасы, Ресей, Ауғаныстан, Мажарстан, Түркия, Әзербайжан және Үндістан ғалымдары әртүрлі ғылыми тақырыптағы мақалаларымен қатысты. Үндістан, Иран, Ауғаныстан және Орталық Азия арасындағы өзара тарихи, мәдени және ғылыми үндестік, соның ішінде әдебиет, дін, тарих, ғылым салаларының жеке тұлғалары туралы өте қызықты баяндамалар жасалды.

Аталған семинарда ф.ғ.к., доцент Шадкам Зубайда: «Қазақ тіліндегі діни, сопылық тілдік бірліктердің лингвомәдени ерекшеліктері», Б.Базарқулова «Тарихи Рашиди – Орталық Азия халықтарының тарихы бойынша маңызды дерек ретінде» атты тақырыпта парсы тілінде баяндамалар жасады. Семинарға қатысушылар бір-бірімен әр түрлі сұрақтар қою арқылы пікір алмасып, ойларын бөлісті. Ғылыми тұрғыдан семинардың қатысушыларға пайдасы өте көп болды.