ҚазҰУ студенттері ConnectEurasia халықаралық жобасына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «ConnectEurasia: designing collaborative online learning for sustainability» (2024–2025 жж.) халықаралық жобасы жүзеге асырылды.
Жоба төрт елдің бес серіктес университетінің консорциумы аясында іске асырылды: Батыс Швейцарияның Қолданбалы ғылымдар университеті HES-SO (Швейцария), Шанхай университеті (Қытай), Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университеті (Әзірбайжан), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Қазақстан) және Цюрих Қолданбалы ғылымдар университеті (Швейцария). Жобаға Швейцарияның алмасу және мобильділік жөніндегі ұлттық агенттігі Movetia қолдау көрсетті.
Жобаның негізгі мақсаты – студенттердің мәдениетаралық құзыреттерін дамытуға және Еуразия нарығын зерделеуге бағытталған бірлескен халықаралық онлайн-бағдарламаны (COIL) әзірлеу және апробациялау. Курстың тақырыбы БҰҰ-ның ТДМ 12 – «Жауапты тұтыну және өндіріс» болды, бұл тұрақты даму саласындағы стратегиялық басымдықтарға сәйкес келеді.
Жобаға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан институционалдық үйлестіруші, PhD, «Менеджмент» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жидебекқызы Ақнұр, Экономикалық зерттеулер орталығының директоры, PhD, «Қаржы және есеп» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Досжан Райгүл және э.ғ.к., «Менеджмент» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Купешова Сауле қатысты.
Жобаға қатысқан 36 студенттің ішінде 10 студент әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің білім алушылары. Cеріктес университеттердің оқытушылары аралас топтарға жетекшілік етіп, студенттер практикалық ұсыныстарға басымдылық бере отырып, Bühler Group (Швейцария), Eurasian Resources Group – ERG (Қазақстан), SAIC Volkswagen (Қытай) және SOCAR (Әзірбайжан) сияқты компаниялардың тұрақтылығын талдауға арналған бизнес-кейстерді шешті. Бірлескен жұмыс интерактивті өзара әрекеттесуге және материалдармен алмасуға мүмкіндік беретін Padlet цифрлық платформасында жүзеге асырылды.
Жобаға қатысу студенттерге тұрақты өндіріс пен тұтыну саласында жаңа білім алуға, мәдениетаралық топтық жұмыс тәжірибесін жинақтауға, коммуникациялық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ басқа елдердегі құрдастарының мәдениеті мен дәстүрлерімен танысу арқылы дүниетанымдарын кеңейтуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Бағдарлама аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Жобаның нәтижелері халықаралық ынтымақтастық пен білім берудегі тұрақты дамуды ілгерілетуге мүдделі университеттерге, оқытушыларға, студенттерге және бизнес өкілдеріне пайдалы болады.
Басқа жаңалықтар

