- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы бойынша академиялық тыңдаулар өтті
ҚазҰУ-да «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы бойынша академиялық тыңдаулар өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» заңының жобасы мен оған қатысты нормативтік актілерге арналған бірінші академиялық тыңдаулар өтті.
Іс-шара Қазақстандағы жасанды интеллект саласын реттеуге бағытталған заң жобасының негізгі бағыттарын талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – бірінші проректор Еркін Дүйсенов университет басшысы Жансейіт Түймебаевтың академиялық тыңдауларға қатысушыларға арналған хатын оқып берді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында қойылған міндеттер аясында академиялық тыңдаулар өткізудің маңызы зор. Бұл саладағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру мақсатында жасанды интеллект пен цифрлық дамуға арналған жаңа министрлікті құру, Цифрлық кодексті әзірлеу және қабылдау заман талабына сай ұтымды шешім. Осы орайда, «Жасанды интеллект туралы» заңы мен оған байланысты нормативтік актілерді жедел дайындауда ғылыми қауымдастыққа үлкен жауапкершілік жүктелуде», – делінген хатта.
«Жасанды интеллект туралы» заңы инновацияларды ынталандыруға, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және цифрлық трансформация үшін құқықтық базаны нығайтуға бағытталған. Бүгінде ҚазҰУ білім беру мен ғылымда жасанды интеллектіні кеңінен енгізуде: ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті, ЖИ, заттар интернеті, робототехника зертханалары жұмыс істейді. Ұлттық басымдықтарға сай цифрлық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, «ақылды» қалалар және мәдени-тілдік мұраны сақтау жобалары жүзеге асырылуда.
Заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева таныстырып, ҚазҰУ бұл академиялық тыңдаулар үшін алғашқы алаң ретінде таңдалғанын атап өтті. Ол университеттің әрі қарай да заң жобаларын талқылауда негізгі база боларына сенім білдірді. Тыңдаулардың мақсаты – ЖИ-ды реттеудің қазіргі тәсілдерін талқылап, сараптамалық ұсыныстар алу және академиялық қоғамдастықты заң шығарушылық процеске тарту.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Ұнзила Шапақ, Ерболат Саурықов және Юлия Кучинская сөз сөйлеп, сарапшылармен бірлесе отырып заң жобасын қарап, оны жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


