Ректор Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына қатысты.
Akorda.kz хабарлағандай, жиында атом саласын дамыту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар ұлттық ғылымды дамыту, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, жаңа технологияларды іске асыру мәселелері сөз болды.
Президент ғылым мен технология барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды.
«Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл түсінікті, заңды үрдіс. Сондықтан біз де осы салаға баса мән беруіміз керек, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет», – деді Президент.
Кеңес отырысында Мемлекет басшысы жоғары технология мен жасанды интеллектіні қазірден бастап тиімді пайдалану керек екеніне тоқталды.
«Соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек. Әлемнің 40 беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнаттық. Бүгінде елімізде 33 филиал ашылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жиында көтерілген маңызды мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін айтып, өз пікірін ортаға салған ғалымдарға ризашылығын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


