
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазіргі білім беру мен жасанды интеллект: тұлға қалыптастырудың жаңа парадигмасы» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтқан жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі маңызды мәлімдемелері аясында ұйымдастырылды. Онда Президент: «Біз қазір түбегейлі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект бүгінде экономиканың, мемлекеттік басқару жүйесінің, ғылымның, ең бастысы, білім беру саласының келешегін айқындауда. Басты мақсат – Қазақстанды озық, өркениетті елге айналдыру», – деген болатын.
Дөңгелек үстелді ҚазҰУ Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор міндетін атқарушы Бақытжан Омаров ашып, цифрлық дәуірдегі білім беру жүйесінің өзгерістерін атап өтті. Университет жаңа парадигмаға сай тұлға қалыптастыруға атсалысатынын жеткізді.
Шара барысында «Цифрлық білім берудегі педагог маманының кәсіби бейнесі» және «Білім беру үдерісінде жасанды интеллектінің рөлі» тақырыбында баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар қатысушылар жасанды интеллектінің білім беру саласына интеграциясы, оқыту әдістеріндегі жаңалықтар мен тұлға тәрбиесіндегі маңызы туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Нәтижесінде жасанды интеллект негізіндегі білім беру тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылданып, алдағы уақытта жүйеге енгізуге бағытталған нақты тұжырымдар жасалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


