ЖИ және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасу

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан, Ресей және өзге елдердің жетекші ғалымдары мен зерттеушілерін, академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірген Parallel Computing Technologies (PaCT-2025) 18-ші халықаралық конференциясы басталды.
PaCT конференциясы 1991 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп, параллель есептеу технологиялары және суперкомпьютерлік есептеулерді ұйымдастыру саласындағы зерттеушілердің тәжірибе алмасуына арналған тұрақты халықаралық алаң болып келеді.
Пленарлық отырыста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз сөйледі. «Отыз жылдан астам уақыт бойы PaCT конференциясы жоғары өнімді есептеу саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаңа ғылыми идеяларды ұсынуға арналған маңызды халықаралық алаң болып келеді. Бүгінгі таңда мұнда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектінің дамуына негіз болатын ғылыми жаңалықтардың авторлары жиналып отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ есептеу және ақпараттық технологиялар саласындағы зерттеулерді белсенді дамытып, Қазақстан, Ресей және басқа елдердің жоғары оқу орындары арасында ғылыми ынтымақтастық желілерін қалыптастыруға үлес қосуда», – деді проректор Марғұлан Ибраимов.
Сондай-ақ құттықтау сөздермен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесіндегі Есептеу математикасы және математикалық геофизика институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, академик Михаил Марченко және осы институттың суперкомпьютерлік бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Виктор Малышкин сөз сөйледі.
Академик Михаил Марченко өз сөзінде параллель есептеу технологияларын дамыту үшін халықаралық ынтымақтастық пен түрлі ғылыми мектептердің күш біріктіруі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ғалым тәжірибе алмасу мен бірлескен зерттеулер инновацияларды енгізу үдерісін жеделдетіп, жаңа буын есептеу жүйелерінің тиімділігін арттыруға ықпал ететінін айтты.
Пленарлық отырыстан кейін конференция өз жұмысын секциялық мәжілістер форматында жалғастырды. Сессия барысында қатысушылар суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дамыту мен жоспарлау, есептеулер мен деректерді есептеу кешендерінің ресурстары арасында оңтайлы бөлу, сондай-ақ параллель жүйелерге арналған бағдарламалық қамтылымды автоматтандыру әдістері және жоғары өнімді есептеулердің өзекті мәселелеріне қатысты баяндамалар жасады.
Конференцияны Рейсей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Есептеу математикасы және математикалық геофизика институты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Новосібір мемлекеттік университеті және Новосібір мемлекеттік техникалық университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция жұмысы 9 қазанға дейін жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

