Республика күніне арналған патриоттық акция басталдыFarabi University

Республика күніне арналған патриоттық акция басталды

14 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әскери кафедрасында Республика күніне арналған «Менің Қазақстаным!» патриоттық акция басталды.

Акция Алматы қаласының жоғары сынып оқушыларына арналған Ашық есік күні және Ерлік сабағымен ашылды. Алғашқы болып шараға Әуезов ауданындағы №155 жалпы орта мектеп оқушылары қатысты.

Шараны ҚазҰУ әскери кафедрасының резервтегі полковнигі Олег Ажимов ашып, Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орнының жетістіктеріне тоқталды.  Ол университеттің ұлттық рейтингтерде көшбасшы екенін және QS WUR мен THE WUR халықаралық рейтингтеріне енгенін атап өтті.

Сонымен қатар әскери-патриоттық тәрбиенің маңызын айтып, жастарды отансүйгіштікке және тарихты білуге шақырды.

Жоғары сынып оқушылары әскери кафедраның тарихы мен қызметіне арналған видео таныстырылымды қызыға тамашалады. Тәуелсіздік жылдары әскери кафедра 16 мыңнан астам офицер мен сержант резервін даярлады.

Сондай-ақ оқушылар әскери кафедраның оқу-материалдық базасымен танысып, оқу қаруы көрмесін аралады. Құрлық әскерлерінің ПВО тренажерлік кешендерін көріп, интерактивті лазерлік тирде атыс жаттығуларын орындады.

Республика күніне арналған патриоттық акция аясында әскери кафедрада жоғары және төменгі сынып оқушыларына студенттік дәрістер, викториналар, тақырыптық әңгімелер, музейлерге экскурсиялар жоспарланған. Сонымен қатар шаралар барысында әскери кафедра оқытушылары мен студенттері нейрожелілер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін де белсенді пайдалануда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі