Құқықтарды ұжымдық басқаруда ЖИ қолдану

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Авторлық және өзге де құқықтарды ұжымдық басқару» тақырыбында семинар басталды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Еуразиялық экономикалық комиссиясы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қолдауымен ұйымдастырды.
Семинардың ашылуында ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол университеттің зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастығы мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларын атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Кәкен сөз алып, ұжымдық басқару жүйесін дамыту шығармашылық индустрияларды қолдаудың әрі авторлар мен орындаушылардың құқықтарын тиімді қорғаудың маңызды құралы екенін атап көрсетті. Өз сөзінде ол саланы цифрландыру арқылы жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар шараға Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директор орынбасары Сильви Форбин мен Еуразиялық экономикалық комиссияның кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ернар Бакенов видеомәлімдемелері арқылы қосылып, өз пікірлерін білдірді.
Жиында қатысушылар стриминг, онлайн платформалар және шекарааралық лицензиялау секілді цифрлық заманның өзекті мәселелері жайлы ой бөлісті. Сондай-ақ құқықтарды ұжымдық басқарудағы жаһандық трендтер қарастырылып, құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін дамыту және цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Екі күнге жоспарланған маңызды шара 17 қазан күні жалғасып, қатысушылар жаңа идеялар мен ұсыныстарды талқылайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


