Курстық жұмыстан – халықаралық басылымға
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің 4-курс студенті Шахида Нұрмахаметова беделді халықаралық басылымда жарияланған ғылыми еңбектің бірінші авторы атанды.
Беделді Galaxies ғылыми журналы (Scopus және Web of Science базаларында индекстелген, Q2) Шахиданың «HR 4049: A Spectroscopic Analysis of a Post-AGB Object» атты мақаласын жариялады. Бұл зерттеу жұмысы ғылыми жетекшісі әрі мақаланың бірлескен авторы, Электроника және астрофизика кафедрасының доценті Алдияр Агишевтің жетекшілігімен орындалды. Жұмыс орташа массалы жұлдыздардың өмірінің соңғы кезеңі – post-AGB сатысындағы HR 4049 нысанын спектроскопиялық зерттеуге арналған. Бұл саты бар болғаны бірнеше мың жылға ғана созылады. Сондықтан жұлдызды дәл осы кезеңінде байқау астрономдар үшін нағыз сәттілік болып саналады. Бұл кезеңде жұлдыз белсенді зат таратып, жаңа жұлдыздар мен ғаламшарлардың түзілуіне негіз болатын ауыр элементтермен жұлдызаралық ортаны байытады. HR 4049 нысанының ерекшелігі – оның қосжұлдыздық жүйенің құрамына енуінде. Бұл, мәселен, жүйені құрайтын екі жұлдыздың да параметрлерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Аталған зерттеу қосжұлдыздық жүйелердің кеш эволюциялық сатыларындағы құрамдас бөліктерінің өзара әрекеттесуін түсінуде жаңа белеске жол ашады.
Бұл оқиға мүлдем қарапайымнан басталды. Дипломдық жұмыстың зерттеу бөлімін жазу барысында: «Мен зерттеу нысаны бойынша жаңа бақылау деректерін алып, спектрлерді қалыпты өңдеуге кірістім. Алайда күтпеген нәтижелер болды: деректер бұрын кездеспеген ерекшеліктерді көрсетті. Есептеулерімді қайта тексердім, қате табылмады. Соның негізінде мен ғылыми жетекшілеріммен және шетелдік әріптестерімізбен апта сайынғы семинарда баяндама жасадым. Біз нәтижелерді бірге қарастырған кезде мұның үлкен жаңалық болатынын сездік. Сол сәтте жұмысты беделді журналда жариялау идеясы туындады. Бұл тәжірибе маған бакалавриатта жүріп-ақ күрделі ізденістерден қорықпауды және жеткен жетістіктермен шектелмеуді үйретті. Алынған нәтижелер негізінде біз жетекшіммен және шетелдік әріптестерімізбен бірге астрофизика саласындағы жетекші, бірінші квартильді басылым – Monthly Notices of the Royal Astronomical Society (MNRAS) журналына жаңа жұмыс дайындадық. Сондай-ақ Galaxies журналының тұрақты санына тағы бір мақала және университеттің Physical Science and Technology журналына мақала әзірледік. Мен ғылымда қалуды армандаймын. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін магистратураға құжат тапсырамын деген ойдамын», – деген Шахида өз жоспарымен бөлісті.
Зерттеу «Физика және астрономия» білім беру бағдарламасы аясында орындалды. Бақылау деректері бақылау астрономиясы саласындағы халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде Солтүстік Каролина университеті және «Үш колледж» обсерваториясы (АҚШ), сондай-ақ В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтымен (Алматы) бірлесіп алынды. Барлық есептеулер мен цифрлық модельдеулер ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетіндегі «Data Science in Astrophysics» ғылыми-зерттеу орталығының көппроцессорлы кластерінде жүргізілді.
«Біз бүгіннің өзінде-ақ студенттеріміздің әлемдік ғылымның бір бөлігіне айналып жатқанын мақтан тұтамыз. Бұл жарияланым – студенттің шынайы қызығушылығы мен табанды еңбегінің, сондай-ақ университетте қалыптасқан жоғары деңгейдегі білім беру және дамыған ғылыми ортаның көрсеткіші. Біздің студенттер ең күрделі ғылыми бағыттарды меңгеріп қана қоймай, отандық ғылымның дамуына нақты үлес қосуда. Бұл мысал қазіргі студенттерімізді де, болашақ талапкерлерді де шабыттандырады. Өйткені ҚазҰУ-дағы ғылым студенттік кезден басталып, әрбір адамға жаһандық зерттеулердің бір бөлігі болуға нақты мүмкіндік береді», – деп атап өтті физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен.
Мақала Galaxies журналының арнайы Circumstellar Matter in Hot Star Systems санына енді. Жұмыстың толық мәтіні мына сілтеме бойынша қолжетімді: doi.org/10.3390/galaxies13020026
Алдияр АГИШЕВ,
зерттеуші-доцент, PhD
Басқа жаңалықтар