Экономиканы дамытуға ықпал ететін зертхана
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында құрылған Цифрлық картография және қолданбалы геодезия зертханасының зерттеу объектісі ауқымды. Зертхана жетекшісі, PhD доктор, қауымдастырылған профессор, Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекованың айтуынша, орталықты құрудағы негізгі мақсат – ел экономикасының аграрлық, құрылыс, тау-кен салаларының міндеттерін шешуге ғылыми тұрғыда университеттік үлес қосу. Осы мақсатты ойдағыдай орындау үшін Картография және геоинформатика кафедрасы ғалымдарының, яғни оқытушы-профессорлық құрам мен білім алушылардың көпжылғы еңбегін, тәжірибесін, жалпы алғанда, жинақталған ғылыми-зерттеу әлеуетін іске асыру көзделіп отыр.
Нақты айтқанда, зертхана қызметі мынадай бағыт бойынша алға қойған міндеттерді шешуге күш салады:
– инженерлік қызметтер;
– ғылыми-зерттеу жобаларына, грант жобалары мен ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру байқауларына қатысу;
– консалтингтік және білім беру қызметтерін көрсету.
Орталық жетекшісінің айтуынша, зертхана қызметінде аталған міндеттерді орындау үшін индикатор ретінде төмендегі бағдарламалар тірек болады:
– ҚР ауыл шаруашылығында ауылшаруашылық өнімдерін өндіру кезінде цифрлық ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы;
– Геологиялық саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы;
– «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;
– ҚР «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
Әрине, зертхана болған соң, оның аясындағы ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу үшін қаржы көзі керек. Орталық жетекшісі Айжан Асылбекқызының айтуынша, зертхана қызметін қаржыландыру мынадай бағыт бойынша жүргізіледі:
– жеке фирмалар мен салалық ұйымдардың қолданбалы зерттеулері мен тапсырыстары;
– гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалар шеңберіндегі тапсырыстар; аккредиттелген зертхана шеңберінде ұйымдармен шарттық жұмыстар.
– Қызметті коммерцияландыру міндеттерін ескере отырып, біз сатудың маркетингтік стратегиясын әзірледік. Бұл стратегия көрсетілетін қызмет түрлерінің көлемі мен түрлерін ұлғайтуды діттейді. Ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен шарттық жұмыстарға сұранысты арттыра отырып, аккредиттелген зертхана ашуды көздейді. Егер жоба нәтижесі жақсы шығып, сәтті дамыған жағдайда инновациялық нарыққа шығуға болады, – дейді зертхана жетекшісі, Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекова.
Бұған қоса, мамандар мынадай болжамды кіріс көздерін атайды:
– білім алушылар мен инженер-техник жұмысшыларға арналған білік арттыру курстары;
– гранттық жұмыстар негізіндегі қолданбалы зерттеулер;
– салалық жұмыстар шеңберіндегі ғылыми-қолданбалы зерттеулер;
– аккредиттелген зертхана аясындағы шарттық жұмыстар.
Маркетинг және сату стратегиялары
Біріншіден, мақсатты нарықтағы маркетингтік стратегия көрсетілетін қызмет түрлерінің көлемі мен олардың түрлерін ұлғайтуға басымдық береді. Негізгі түпкі мақсат ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен шарттық жұмыстарға сұранысты ұлғайту кезінде аккредиттелген зертхана ашуды көздейді. Өйткені жоба табысты болса, инновациялық нарыққа жол ашылады.
Екіншіден, зертхананы дамыту стратегиясы әлеуетті және болжалды тапсырыс берушілер арасында көрсетілетін қызметтерге қажеттіліктің мониторингі, икемді баға саясатының мүмкіндігі арқылы айқындалады.
Үшіншіден, қызметтер нарығындағы маркетингтік стратегия, ең алдымен, зертхананың теріс имиджін болдырмауға бағытталған. Қызмет түрлері реттеліп, алға жылжыған сайын маркетингтік зерттеулерге сұраныс артуы мүмкін.
Төртіншіден, баға белгілеудің маркетингтік стратегиясы аналогы аз қолданбалы зерттеулер мен ғылыми-техникалық қызмет көрсетуді көздейді.
Бесіншіден, маркетингтік стратегияны талдау көрсетілетін қызметті белсенді етуді, тәуекелді есептеу мен болжауды, белгілі бір уақытта талап етілетін қызметтерге баса көңіл бөлуді көздейді. Аталған шаруалардың барлығы сәтті жүзеге асып, жақсы нәтиже берсе, мұның өзі үлкен еңбек болмақ.
Зертхананың даму жоспары мен міндеті
– Экономиканың агроөнеркәсіптік, құрылыс, мұнай-газ, тау-кен салаларына арналған қолданбалы жұмыстар, сондай-ақ ғылыми-қолданбалы зерттеулерді орындау;
– гранттық және мемлекеттік бюджеттік қаржыландыру шеңберінде қолданбалы жұмыстарды орындау;
– халықаралық жобалар шеңберінде қолданбалы жұмыс түрлерін орындау;
– ғылыми журналдарға мақалалар жариялау үшін ақпарат жинап, оны өңдеу.
Зертхана алдында тұрған міндет-мақсаттарды зертхана қызметкерлері, сонымен бірге қосымша тартылатын персонал жүзеге асырады деген жоспар бар.
Жабдықтау жұмысы жайында
Негізінен моноблоктар, көшірме жабдығы (MФУ), арнайы жабдықтар мен геодезиялық аспаптарды қамтиды. Сонымен бірге ұшу аппараты (квадрокоптер) DJI Mavic 3 Multispectral GNSS радиоқабылдағышы бар DJI D-RTK 2 Hight Precision GNSS жылжымалы станциясы, GNSS қабылдағышы және тағы басқа арнайы жабдықтар бар. Мұның бәрі зертхана аясындағы жобаларды орындауға жұмыс істейді.
Қорыта айтқанда, Цифрлық картография және қолданбалы геодезия зертханасының берері мол. Ол жергілікті экономиканы дамытуға қал-қадерінше ықпал етеді деген сенімдеміз.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар