Алматы телеарнасы, Жаңалықтар: Алматыда студенттерге арналған әлеуметтік дүкен ашылды
http://www.almaty.tv/kz/news/111-1/almatyda-y-zhoo-ny-b-r-nde-leumett-k-d-ken-ashyldy.html
11.03.2016
Екі жыл бұрын ашылған көп бағытты орталық нәтижелі жұмыс жасап келеді. Мұнда тәлімгерлер қажеттілігіне арналған бір қағида терезесінен бөлек, шаш қидыру, киім тазалау сынды өзге де халық тұтынатын нысандар жұмыс істеп келеді. Бұған енді қосымша тағы әлеуметтік дүкен қосылды.
1курс студенті Керім Есмаханов жатақханада тұрады. Ол күнделікті қажетті азық-түлікті әлеуметтік дүкеннен сатып алуға келіпті. Өйткені мұндағы бағалар нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Әрі тауардың сан алуан түрін табуға болады. Бұл қарапайым тәлімгер үшін біршама үнем болмақ. Оған қоса, бұл орталықта студенттер үшін бар жағдай жасалған. Сұлулық салоны мен тігін шеберханасы, киім тазалайтын кешен, асхана, тіпті дәріхана да табылады.
«Бізге өте қолайлы. Біз жақын жерге тез барамыз және бағалары да тиімді болып келеді. Басқа Алматының дүкендеріне қарағанда өте арзан. Күнделікті өмірімізде жейтін студенттердің тамағы, яғни нан, макарон, май және шайға печенье алдым. Бағалардың қымбаттағаны бізге қатты сезіледі», - деді студент Керім ЕСМАХАНОВ.
Алматы қаласының 1000 жылдығына орай жоғарғы оқу орындарының бірінде ТМД елдерінде жоқ осындай әлеуметтік дүкен ашылды. 7500 шаршы метрлік «Керемет» орталығында бір мезгілде білім, ғылым, медицина және қарапайым тынығуға қажетті қызметтің 500 түрін алуға болады. Сондай-ақ мұнда аз қамтылған отбасылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Рухани азық берер кітапты да ешбір делдалсыз тікелей осы жерден табуға болады.
«Әкімшіліктің бастаған "1000 қайырымды іс" деген акциясы бар. Сол акцияның шеңберінде жүзеге асырып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, тек елімізде ғана емес, әлемде үлкен қаржылық дағдарыс орын алып тұрған кезде мына әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдардың санатын, соның ішінде біз университет болғандықтан, студенттерге әлеуметтік қолдау», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА
Айта кетейік, барлық аталған қызметтерді тек студенттер мен оқытушылар ғана емес, қарапайым тұрғындар да қолдана алады. Студенттерге қызмет көрсететін бұл орталық кәсіпкерлермен әлеуметтік серіктестік аясында салынған. Өткен жылы осы жоба бойынша кітапхана пайдалануға берілсе, алда бассейн іске қосылмақ.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы