Ғылым нәтижелерін арттыруға басымдық беріледі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде университеттің стратегиялық дамуына арналған Ғылыми кеңестің отырысы өтті. Кеңес барысында жоғары технологиялар мен инновацияларды енгізу, сондай-ақ университеттің халықаралық беделін арттыру бағыттары талқыланды.
Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Өміржан Тәукебаев ҚазҰУ инжинирингтік кластерін дамыту тұжырымдамасын таныстырып, оның басты мақсаты – ғылыми зерттеулер мен инженерлік әзірлемелерді біріктіріп, олардың нәтижелерін өндіріске енгізу арқылы инновацияларды нақты өнімдер мен технологияларға айналдыру екенін атап өтті. Инжинирингтік кластерді құру бастамасы 2025 жылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырманың негізінде жүзеге асырылуда. Президент елімізде білім, ғылым және өндіріс өзара ықпалдасатын «ғылыми қалашықтар» қалыптастырудың маңыздылығын атап өткен болатын.

Ө.Тәукебаевтың айтуынша, тұжырымдаманы жүзеге асыруда ерекше рөл Farabi FabLab прототиптеу орталығына беріледі. Мұнда ғалымдар мен студенттер өнертабыстарды сынақтан өткізіп, өндірістік үлгілерін жасап, оларды коммерцияландыру мүмкіндігіне ие болады.
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – ҚазҰУ кампусының «цифрлық егізін» (Digital Twin) құру. Бұл виртуалды модель университеттің инфрақұрылымы мен ресурстарын нақты уақыт режимінде тиімді басқаруға мүмкіндік береді. «Жаңа жүйе шағын «ақылды қала» моделіне ұқсайды. Онда ғимараттар, инженерлік желілер, энергия тұтыну, логистика және қауіпсіздік туралы деректер біріктіріліп, ресурстарды үнемдеуге және жедел шешім қабылдауға жағдай жасайды», – деді Ө.Тәукебаев.

Жоба аясында 3D-модельдеу, GIS жүйелері, заттар интернеті (IoT) және жасанды интеллект сияқты заманауи технологиялар қолданылады. Бұл университетті басқарудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Кеңестің екінші маңызды мәселесі – 2025-2026 оқу жылына арналған индикативтік көрсеткіштерді нақтылау болды. Бұл шара университеттің халықаралық рейтингтердегі орнын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда ҚазҰУ 11 халықаралық және ұлттық рейтингке қатысады.
Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлзира Василинаның айтуынша, университет ғылыми қызметті бағалау жүйесін жетілдіріп, оны барынша ашық әрі әділ етуге күш салып отыр.

«Арнайы цифрлық база құрылып, онда ғалымдардың жарияланымдары, дәйексөздері және ғылыми жобалары автоматты түрде тіркеледі. Сондай-ақ халықаралық журналдарда жариялану белсенділігін арттыру мақсатында оқытушылар мен зерттеушілерге жаңа мотивациялық тетіктер енгізілуде», – деді ол.
Сонымен қатар жас ғалымдарға ерекше қолдау көрсетілуде. Университет гранттар, ғылыми мектептер мен тағылымдамалар жүйесін кеңейтіп, талантты жастардың ел ішінде өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қазіргі таңда жоғары білім беру саласындағы бәсекелестіктің артып келе жатқанын атап өтті. «Зерттеу университеті мәртебесіне сай болу үшін әр факультет пен кафедраның ғылыми әлеуеті жоғары болуы шарт. Ғылыми өнімділік тек мақалалармен шектелмеуі керек, ол оқулықтарда, монографияларда, авторлық курстарда көрініс табуы қажет. Әр кафедрада кемінде тоғыз-он оқытушы өз оқу құралдары мен әдістемелік еңбектерінің авторы болуы тиіс. Бұл ғылым мен білім сапасын арттыруға, сондай-ақ инновациялық университеттік экожүйе құруға негіз болады», – деді ректор.

Отырыста сондай-ақ Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустриялар орталығының директоры Тахир Азатұлы мен ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов қосымша баяндама жасады. Соңында спикерлер қаулы жобасын ұсынды.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі