Президент: «Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш»Farabi University

Президент: «Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш»

31 қазан, 2025

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан – академиялық білім аймағы" стратегиялық серіктестер форумында еліміздің білім-ғылым жүйесін дамытуға арналған баяндамасын жасады. Оның пікірінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, мемлекеттің өркендеуінің басты алғышарты. Расында да, жаһандық түбегейлі өзгерістер дәуірінде білім-ғылым жүйесін дамыту үлкен мәнге ие болып отыр. Еліміз соңғы жылдарда жоғары білім сапасын күшейтіп қана қоймай, халықаралық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті ғылыми орталыққа айналдыруға маңызды қадам жасап отыр. Мемлекет басшысы халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты. Осы ретте, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық QS 2025 рейтингінде 166-орынға ие болғанын атап өтсек, университеттің жаһандық білім кеңістігіндегі беделін тағы бір мәрте көрсетті.

Әлемдік философиялық дәстүрде білім қоғамның іргелі құндылығы ретінде қарастырылған. Аристотель «білім бақытқа бастайтын жол» деп жеке тұлғаның кемелденуін біліммен байланыстырса, әл-Фараби «қала берекесі білімді азаматта» деп қоғамдық үйлесім мен мемлекеттік дамудың негізін айқындаған. Сонау көне замандарда жазылған философиялық тұжырым нақ қазіргі уақыттта өз үйлесімін тауып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, білім ұлттық дамудың басты факторы. Сондықтан еліміз үшін сапалы жоғары оқу жүйесін қалыптастыру, ғылыми зерттеулерді қолдау және академиялық еркіндік принциптерін дамыту ел болашағына салынған инвестиция.

Қазақстандық білім жүйесі енді халықаралық академиялық кеңістікпен толық интеграциялануға, зерттеу университеттері мен инновациялық экожүйені дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, академиялық еркіндік пен əділ бағалауға, əлемдік интеллектуалдық капиталмен серіктестік орнатуға бағытталады. Бұл əл-Фараби сипаттаған «қайырымды қаланы» қалыптастыру жолы. Өйткені  ғылым мен ойдың синтезі мемлекет өрлеуінің берік іргесі.

         Ғылым және білімге қолдау көрсету, заманауи академиялық қоғамның басты қағидаттары. Бұл құндылықтар ұлттық ғылымды дамытудың, жаңа инновациялар қалыптастырудың және әлемге танылған интеллектуалдық орталыққа айналудың берік негізі. «Қазақстан – академиялық білім аймағы» форумының өткізілуі білім мен ғылымның дамуына серпін беретін қадам, еліміздің жоғары білім беру жүйесін жаңа стратегиялық кезеңге шығарады. Мемлекет тарапынан өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа тоқталды. 2019 жылдан бері білім мен ғылымды қаржыландыру айтарлықтай күшейтілді бюджет көлемі үш есеге көбейді, жоғары оқу орындарының дербестігі нығайып, зерттеу университеттері жүйесі қарқынды дамып жатыр. Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл – біздің жаңа ұлттық болмысымыздың аса маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Президент білім мен ғылымды ұлттық дамудың басым бағыты ретінде атап, халықаралық серіктестікті күшейту, университеттердің ғылыми әлеуетін арттыру, адами капиталды дамыту және академиялық еркіндікті кеңейту міндеттерін қойды. Бұл бастама Қазақстанды өңірлік білім хабына айналдыруға, жас ғалымдарды қолдауға және инновациялық зерттеулерді дамытуға жаңа серпін береді. Форум академиялық қоғамдастықты біріктіріп, еліміздің жаһандық білім кеңістігіндегі беделін арттыруға бағытталған маңызды алаң болды.

         Сонымен қатар, университеттер мен ғылыми орталықтар қоғамдағы келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға, мәдени-өркениеттік диалогты дамытуға және зияткерлік қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.