Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «AI-guided career: оқушыдан маманға дейінгі жол» семинары өттіFarabi University
Референдум 15 марта

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «AI-guided career: оқушыдан маманға дейінгі жол» семинары өтті

3 қараша, 2025

2025 жылғы 3 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласының Білім басқармасымен бірлесе отырып «AI-guided career: оқушыдан маманға дейінгі жол» атты семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың кәсіби бағдарын қалыптастыру және жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауға жағдай жасау болды (ТДМ 4 - Сапалы білім беру, ЦУР 8 - Лайықты жұмыс және экономикалық өсу).

Семинар аясында кәсіби бағдар беру көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жалпы білім беретін мектептердің өкілдері, оқушылар және басқа да қызығушылық танытқан қатысушылар қатысты. Мұнда түрлі стендтер, кітаптар, журналдар және кәсіби даму мен мамандық таңдауға арналған ақпараттық материалдар қойылды.

Медицина және денсаулық сақтау факультетінің атынан көрмеге Денсаулық сақтауды ұйымдастыру және саясат кафедрасының аға оқытушысы Қонысбаев Максат Галилоллаұлы қатысты. Ол қатысушыларға факультеттің білім беру бағдарламаларын таныстырып, медицина саласындағы мамандықтардың болашағы мен кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.

«Медицинаға деген қызығушылық пен саналы кәсіби таңдау білікті мамандарды даярлаудың маңызды алғышарты. Осындай іс-шаралар жастарға өз болашағын айқындап, кәсіби дамуға ынталандырады», – деді Қонысбаев Мақсат Ғалилоллаұлы.

Семинар мен көрме университет пен Алматы қаласының білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаңға айналды.
Іс-шара жастардың кәсіби бағдарын жетілдіруге, үздіксіз білім беру тұжырымдамасын ілгерілетуге және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ миссиясына – жаңа буынның бәсекеге қабілетті кадрларын даярлауға өз үлесін қосты.