ҚазҰУ мен Қарақалпақстан Ғылым академиясы меморандумға қол қойдыFarabi University

ҚазҰУ мен Қарақалпақстан Ғылым академиясы меморандумға қол қойды

7 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат білім, ғылым және кадр даярлау бағытында өзара серіктестікті дамытуға негіз қалайды.

Меморандумға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақ бөлімшесінің төрағасы Ахмед Реймов қол қойды. Келісімнің негізгі мақсаты – екі тараптың ғылыми әлеуетін біріктіріп, білім беру мен зерттеу салаларында тәжірибе алмасу және кәсіби ынтымақтастықты нығайту.

Серіктестік аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу, академиялық ұтқырлықты дамыту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ғылыми қауымдастықтар арасындағы тұрақты байланыстарды кеңейту көзделеді. Сондай-ақ тараптар жас ғалымдарды қолдау, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.

Қол қойылған құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ғылыми және мәдени ықпалдастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Тараптар бұл келісім өңірдің ғылыми дамуына, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және университеттердің халықаралық беделін арттыруға оң әсер етеді деген сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі