«Фараби даналығы» интеллектуалды ойыныFarabi University

«Фараби даналығы» интеллектуалды ойыны

6 қараша, 2025

 06 қараша 2025 жылы сағат 18:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің 5-дәріс залында Экономика кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсаттары» аясында ұлы ойшыл, адамзат өркениетінің ұлы тұлғасы, «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай «Әл-Фараби апталығы» аясында «Фараби даналығы» атты интеллектуалды ойын өткізілді.
     Іс-шараның мақсаты – Ұлы Даланың дара перзенті, әлем ғылымының шамшырағы, адамзат өркениетіне өшпес із қалдырған ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің даналығын ұлықтау, оның философиялық мұрасын студент жастардың бойына сіңіру. Әл-Фараби – тек ғалым емес, бүкіл адамзат ақыл-ойының ұстазы. Ол адам мен қоғамның үйлесімі, бақыт пен әділеттің мәні, ақыл мен ізгіліктің құндылығы туралы терең философиялық ойлар қалдырған тұлға.
      Интеллектуалды ойынға белсенді және білімге құштар студент жастар қатысып, өздерінің ізденісі мен парасаттылығын танытты. Ойын барысында қатысушылар әл-Фарабидің еңбектері мен идеялары жөнінде терең білімдерін ортаға салып, өз ой-пікірлерін білдірді. Бұл шара барша қатысушыларға ұлы мұраны терең танып-білуге, рухани дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтуге зор мүмкіндік берді.
       Іс-шараға төрағалық етіп, Ұлы ойшыл туралы кең, мазмұнды түсінік берген Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сүлейменов Пірімбек Мұханбетұлына, сондай-ақ шараны салтанатты түрде ашып, оның мән-маңыздылығын атап өтіп, жеңімпаздарды әділ жариялаған жетекшілер мен ұстаздарымызға – Экономика және бизнес жоғары мектебінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі декан орынбасары Канагатова Дина Бауберікқызына, Экономика кафедрасының меңгерушісі Даулиева Ғалия Рақметқызына, аға оқытушылар Тураров Д.Р., Табеев Т.П., Кулиев И.О. және барлық қатысушы белсенді студенттерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
 «Әл-Фараби даналығы» интеллектуалды ойыны – студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, рухани байлығын арттырған, ұлы ойшылдың мұрасын насихаттауға бағытталған мәнді де тағылымды шара болды.
Ұйымдастырушылар: Экономика кафедрасы