Астана қаласында «Білімді біріктіріп, болашақты қалыптастырамыз» тақырыбымен Халықаралық кітапханалар қауымдастығы мен мекемелер федерациясының (IFLA) 89-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі (IFLA WLIC 2025) өтті.
Бұл ауқымды халықаралық шара Қазақстан мен тұтас Орталық Азияның кітапхана ісін әлемдік аренада танытқан маңызды мәдени оқиғаға айналды. Конгреске әлемнің 114 елінен 1852 делегат қатысып, олардың қатарында Қазақстаннан келген 454 кітапханашы болды. Бұл көрсеткіш еліміздің әлемдік кітапхана қауымдастығындағы беделінің артып келе жатқанын және кәсіби саладағы ықпалының кеңейгенін дәлелдейді. Конгресс цифрландыру, инклюзия және тұрақтылық тақырыптарына назар аудара отырып, тәжірибе алмасуға, инновацияларды талқылауға және кітапханалардың болашағын бірлесіп қалыптастыруға арналған бірегей кәсіби алаңға айналды.
Өткен жылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидатын ерекше атап өтіп, кітапхана саласын дамыту елдің стратегиялық дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі екенін баса айтты. Осы тұрғыда IFLA конгресі Қазақстанның кітапхана саласына жаңа серпін беріп, халықаралық тәжірибе мен кәсіби байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік жасады.
Ауқымды форумның негізгі бағыттары қатарында «Цифрлық дәуірдегі жинақтау: инклюзивтілік және тұрақтылық» атты Ұлттық кітапханалар секциясының отырысы маған ерекше әсер қалдырды. Семинарда цифрлық ресурстарды сақтау, ұлттық мәдени мұраны цифрландыру және баршаға қолжетімді ақпараттық орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Кітапханалар – азаматтық қоғамның инкубаторы» атты сессияда кітапханалардың демократия мен азаматтық қатысуды нығайтудағы рөлі айтылды. Ал «Болашаққа дайын кітапханалар: ақпараттық сауаттылыққа жасанды интеллектіні енгізу» панелінде жасанды интеллект технологияларының білім беру және ақпараттық қызмет саласындағы тиімділігі қарастырылды. IFLA президенті Донна Шидер өз сөзінде кітапханалардың жаһандық тұрақты даму мақсаттарына жетудегі маңызын ерекше атап өтіп: «Тұрақты дамуға қол жеткізу үшін адамдарға қажет деректер массивтеріне, білім көздеріне және ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ете алатын мекемелерді тиімді пайдалану үшін бар күшімізді салайық. Кітапханалар деректер дәуірінде белсенді серіктес болып, баршамыздың 2030 жылды лайықты деңгейде қарсы алуымызға көмектеседі», – деді. Бұл сөз кітапханалардың тек ақпараттық мекеме ғана емес, қоғамның интеллектуалды және мәдени дамуындағы жетекші күш екенін айқын көрсетеді.
Конгресс аясында постерлік сессиялар ұйымдастырылып, онда ақтөбелік кітапханашы Айзада Өтешованың постері үздіктер қатарынан көрінуі қазақстандық кітапханашылардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін және еліміздің халықаралық беделінің нығайып келе жатқанын дәлелдеді.
IFLA-дағы волонтерлік – бұл тек ұйымдастырушылық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар жаңа көзқарас қалыптастырып, халықаралық кәсіби бірлікті нығайтатын ерекше тәжірибе. IFLA волонтерлік бағдарламасына әлемнің 45 елінен 389 өтінім түсіп, олардың ішінен 235 адам іріктеліп алынды. Солардың 135-і – қазақстандық еріктілер. Таңдаулы волонтерлердің қатарында болу мен үшін үлкен абырой әрі кәсіби және тұлғалық тұрғыдан өсуге зор мүмкіндік болды.
Дүниежүзілік конгреске ғылыми жетекшім, педагогика ғылымының кандидаты Гүлмира Исатайқызымен бірге қатыстым. Жазда мен волонтер ретінде бес күн бойы ұйымдастыру, ақпараттық және мәдени бағыттарда қызмет атқарып, халықаралық деңгейдегі кәсіби тәжірибе жинақтадым. Конгресс барысында АҚШ, Малайзия, Чехия, Кытай елдерінен келген әріптестеріммен пікір алмасып, болашақ ғылыми және кәсіби серіктестікке негіз болатын байланыс желісін орнаттым.
Волонтерлік қызметтің ең құнды тұсы мен үшін түрлі елдердің мәдениеті және кәсіби тәжірибесімен тікелей танысып, тілдік әрі мәдени коммуникация дағдыларымды жетілдіріп, ғылыми коммуникация мәдениетін жетілдіру платформасы болды. Сонымен қатар көпұлтты ортада қызмет атқару жауапкершілік пен бейімделу қабілетін арттырып, ғылыми ұжымда жұмыс істеу мәдениетін дамытады.
Халықаралық волонтерлік қызмет менің тұлғалық және кәсіби қалыптасуымдағы маңызды кезеңдердің бірі болды.
Шынар МҰҚАШЕВА,
«Кітапханалық ақпараттық жүйелер» мамандығының
1-курс докторанты
Басқа жаңалықтар