әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — ҚазҰУ

 

1.1 Осы Оқу нәтижелерін бағалау саясаты (бұдан әрі – Саясат) «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ-та (бұдан әрі – Университет) оқу нәтижелерін бағалаудың бекітілген критерийлері негізінде қағидаттарын, талаптары мен рәсімдерін, сондай-ақ білім алушылардың жеке әлеуетін ашуға және оқыту әдістерін жетілдіруге бағытталған бағалау сапасын арттыру тетіктерін белгілейді.

1.2 Саясат білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың оқу нәтижелеріне қол жеткізуін объективті, ашық және салыстырмалы түрде бағалауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ оқыту мен білім беру әдістерін жетілдіруге бағытталған.

1.3 Саясат Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, оның ішінде ғылым және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы заңнамаға, Университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес, Университеттің басымдықтары мен міндеттерін ескере отырып, оқу нәтижелерін бағалаудың халықаралық тәсілдері негізінде әзірленеді және қолданылады (1-қосымша).

1.4 Осы Саясаттың талаптары білім алушыларға, профессорлық-оқытушылық құрамға, Университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға қолданылады.

2.1 Академиялық күнтізбе (Academic Calendar) – оқу жылы ішінде демалыс күндерін (демалыс және мереке күндерін) көрсете отырып,  оқу және бақылау іс-шараларын, практикаларды өткізу күнтізбесі. 

2.2 Академиялық кредит – білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажетті білім алушының және (немесе) оқытушының оқу және (немесе) ғылыми жұмысының (жүктемесінің) көлемін өлшейтін бірыңғай бірлік.

2.3 Академиялық адалдық (Academic Integrity) – оқу, ғылыми және әкімшілік қызметтегі адал мінез-құлық қағидаттарының жиынтығы, оған плагиатқа, деректерді ойдан шығаруға, бұрмалауға, жасырын келісім жасау мен басқа да бұзушылықтарға жол бермеу кіреді.

2.4 Бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі – оқу жетістіктерін балмен бағалау жүйесі, ол халықаралық тәжірибеде қабылданған цифрлық эквиваленті бар әріптік жүйеге сәйкес келеді және білім алушылардың рейтингін анықтауға мүмкіндік береді.

2.5 Академиялық мәселелер жөніндегі департамент (АМД) – Университетте кадрларды даярлау сапасына мониторинг, талдау және бақылау жүргізу негізінде оқу үдерісін жоспарлауды, ұйымдастыруды және жетілдіруді қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімше.

2.6 Қашықтан оқыту – оқытушы мен білім алушылардың қашықтықтан өзара әрекеттесуіне негізделген, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын оқыту.

2.7 Қашықтан білім беру технологиялары (ҚББТ) – қашықтан оқытуды жүзеге асыру кезінде қолданылатын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдар.

2.8 Кредиттерді трансферттеу (ауыстыру) және жинақтаудың еуропалық жүйесі (ECTS) – білім беру бағдарламалары мен оқу пәндерінің еңбек сыйымдылығын өлшеу жүйесі, ол білім беру ұйымдары арасында академиялық кредиттерді жинақтау және ауыстыру үшін қолданылады.

2.9 Оқыту және білім беру сапасы жөніндегі академиялық комитет - факультетте оқыту мен білім беру сапасын қамтамасыз ету және жақсарту үшін әдістемелік қолдауды үйлестіретін, соның ішінде халықаралық стандарттарға негізделген ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесінің сақталуын талдау және бақылауды, сондай-ақ академиялық қызметтің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруды жүзеге асыратын Университет оқытушыларының алқалы кеңесші органы.

2.10 Оқу нәтижелеріне қол жеткізу индикаторлары – оқу нәтижесінің қол жеткізу деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін нақты, бақыланатын және тексерілетін көрсеткіштер.

2.11 Univer ақпараттық жүйесі (Univer АЖ) – Univer.kaznu.kz ақпараттық-бағдарламалық кешені университеттің оқу үдерісін толық қамтитын әкімшілендіру және оқу қызметін басқару жүйесі болып табылады.

2.12 Қорытынды аттестаттау (Qualification Examination) – білім алушылардың мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру стандартына сәйкес білім беру бағдарламасында көзделген оқу пәндерін және (немесе) модульдерді, сондай-ақ өзге де оқу қызметі түрлерін меңгеру деңгейін айқындау мақсатында өткізілетін рәсім.

2.13 Құзыреттер – кәсіби міндеттерді шешу үшін білім, білік, дағдылар мен жеке қасиеттерді біріктіріп қолдану қабілеті.

2.14 Кредиттік оқыту технологиясы – білім алушының пәндер және (немесе) модульдерді оқу ретін өз бетінше таңдауы мен жоспарлауына негізделген, академиялық кредиттерді жинақтау арқылы жүзеге асырылатын оқыту жүйесі.

2.15 Бағалау критерийлері – білім алушының оқу тапсырмасын орындау деңгейін анықтау үшін қолданылатын, оқу нәтижелеріне қол жеткізу көрсеткіштері ретінде алдын ала белгіленген нақты өлшемдер.

2.16 Оқу нәтижелерін бағалау – белгіленген критерийлер мен бағалау рәсімдері негізінде білім алушылардың оқу нәтижелеріне қол жеткізу деңгейін анықтау үдерісі.

2.17 Білім беру бағдарламасы (БББ) – білім берудің негізгі сипаттамаларының бірыңғай кешені, ол оқытудың мақсаттарын, нәтижелерін және мазмұнын, білім беру үдерісін ұйымдастыруды, оларды іске асыру әдістері мен тәсілдерін, оқу нәтижелерін бағалау критерийлерін қамтиды.

2.18 Білім алушыларды аралық аттестаттау – емтихан сессиясы кезеңінде өткізілетін, пәнді оқып аяқтағаннан кейін оның бір бөлігін немесе толық көлемін меңгеру сапасын бағалау мақсатында өткізілетін рәсім.

2.19 Оқу нәтижелері – білім алушылардың білім беру бағдарламасын меңгеру барысында алған, бағалаумен расталған білім, білік, дағдылар көлемі, сондай-ақ қалыптасқан құндылықтар мен қатынастар.

2.20 Критериалды бағалау рубрикаторы – бағалау критерийлерін, тапсырманы орындау деңгейлерінің сипаттамаларын (дескрипторларын) және тиісті оқу жұмысы түрі бойынша балл қою негіздерін қамтитын бағалау құралы.

2.21 Силлабус – білім беру бағдарламасы шеңберіндегі пәннің жұмыс бағдарламасы. Силлабустың нысаны, құрылымы, әзірлеу және бекіту тәртібі Университетпен айқындалады.

2.22 Білім алушылардың оқу жетістіктері – оқу үдерісі барысында алынатын және тұлғаның даму деңгейін көрсететін білім, білік, дағдылар мен құзыреттер.

 

3.1 Бағалаудың мақсаты - білім алушылардың ОН-не қол жеткізу деңгейін объективті түрде растау, әрбір білім алушыға академиялық кредиттер беру және (немесе) тиісті біліктілікті тағайындау үшін олардың жетістік деңгейін көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ету.

3.2 Бағалау қағидаттары:

- жүйелілік – пәнді, модульді, білім беру бағдарламасын меңгерудің барлық кезеңдерінде бағалау бірізді және өзара байланыста жүзеге асырылады;

- кумулятивтілік (жинақтаушы сипат) – пән бойынша ОН-рін бағалау академиялық кезең ішінде білім алушы алған, өзара байланысты бірнеше бағалау іс-шараларының жиынтық нәтижелері негізінде жүзеге асырылады. Баға ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылады. Кумулятивті бағалауда балдардың басым бөлігін бір ғана бағалау іс-шарасының нәтижесі бойынша қоюға жол берілмейді;

- объективтілік – қойылған баға білім алушының ОН-не қол жеткізуінің нақты деңгейіне сәйкес болуы;

- валидтілік – бағалау рәсімдері белгіленген ОН-рін тексеруге бағытталады және олардың мазмұнына сәйкес келеді;

- сенімділік – бақылау сапасын қамтамасыз етудің белгіленген рәсімдері сақталған жағдайда ОН-рі тұрақты және қайта жаңғыртылатын болуы; 

- ашықтық – бағалау критерийлері, нысандары мен рәсімдері алдын ала белгіленіп, жарияланып, білім алушылар үшін қолжетімді болуы;

- инклюзивтілік және әділдік – бағалау білім алушылардың жеке білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, жетістіктерін көрсету үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді;

- шынайылық – бағалау тапсырмалары білім мен құзыреттерді қолданудың нақты немесе кәсіби қызметке жақын жағдайларын көрсетеді;

- үйлесімділік – бағалау әдістері ОН-не және қолданылатын оқыту әдістеріне сәйкес келеді.

4.1 Университетте ОН-рін бағалау әдістері мен нысандары білім алушыға бағдарланған сипатта болады және бағалау критерийлерінің ашықтығын, нәтижелердің салыстырмалылығын, академиялық адалдықты және ОН-не қол жеткізудің объективті расталуын қамтамасыз етеді.

4.2 Бағалау әдістері пәннің ОН-рімен және олардың қол жеткізу индикаторларымен үйлесімді болуы тиіс.

4.3 Университетте критериалды бағалау қолданылады - бұл білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі, ол қол жеткізілген нәтижелерді алдын ала белгіленген және білім алушыларға жеткізілген критерийлермен салыстыруға негізделеді. Бұл критерийлер пәннің ОН-рі мен олардың қол жеткізу индикаторларына сәйкес келеді. Критериалды бағалау қалыптастырушы және жиынтық бағалауды қамтиды.

4.4 Қалыптастырушы бағалау пәнді меңгеру барысында жүргізіледі және білім алушының ОН-не қол жеткізу барысы туралы ағымдағы ақпарат алуға, қиындықтарды анықтауға, кері байланыс беруге әрі білім беру үдерісін уақтылы түзетуге бағытталған. Қалыптастырушы бағалау пән силлабусында көзделген нысандарда жүзеге асырылады. 

4.5 Жиынтық бағалау пәнді меңгерудің белгілі бір кезеңі аяқталғаннан кейін жүргізіледі және тиісті кезең бойынша ОН-не қол жеткізу деңгейін анықтауға және бекітуге бағытталған. Ол пән силлабусында көзделген бағалау тапсырмаларын, оның ішінде білім алушының өзіндік жұмысы тапсырмаларын орындау кезінде, сондай-ақ қорытынды бақылау барысында қолданылады.

4.6 Университетте бағалаудың келесі нысандары қолданылады:

- ауызша; 

- жазбаша;

- практикалық;

- тестілік;

- аралас;

- цифрлық технологияларды қолдану арқылы бағалау (оның ішінде оқытуды басқару жүйелері (LMS), онлайн-тестілеу және өзге де цифрлық құралдар);

- ОН-не қол жеткізуді растайтын өзге де нысандар.

4.7 Аталған бағалау нысандары шеңберінде практикалық, жобалық, зерттеу, шығармашылық және талдамалық тапсырмалар, кейстер, эсселер, зертханалық жұмыстар, тест тапсырмалары, сондай-ақ орындалған жұмыстарды қорғау қолданылады.

4.8 Бағалау әдістерін, нысандарын және тапсырма түрлерін таңдау пәннің ОН-рін, олардың қол жеткізу индикаторларын, пән мазмұнын, білім алушылардың дайындық деңгейін және объективтілік, валидтілік, сенімділік, ашықтық, кумулятивтілік және академиялық адалдық қағидаттарын сақтау қажеттілігін ескере отырып, оқытушы тарапынан жүзеге асырылады.

4.9 Білім беру үдерісінде ОН-рін бағалаудың заманауи тәсілдері қолданылады, оның ішінде өзін-өзі бағалау (self-assessment), өзара бағалау (peer-assessment), сондай-ақ оқытуды басқару жүйелері (LMS), онлайн-тестілеу және өзге де цифрлық құралдар сияқты цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл құралдар бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын арттыруға және білім алушылардың өз бетінше оқу дағдыларын дамытуға бағытталған.

5.1 Қалыптастырушы және жиынтық бағалау ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау шеңберінде пәнді меңгеру мақсатына, кезеңіне және бағалау іс-шарасының сипатына байланысты жүзеге асырылады.

5.2 Ағымдағы бақылау - пән силлабусына сәйкес білім алушылардың оқу жетістіктерін жүйелі түрде тексеру, ол академиялық кезең бойы аудиториялық және аудиториядан тыс сабақтарда оқытушы тарапынан жүзеге асырылады.

5.3 Ағымдағы бақылау кумулятивтік сипатта болады және пән мазмұнын меңгеруді және ОН-не қол жеткізуді кезең-кезеңімен бақылауды қамтамасыз етеді.

5.4 Ағымдағы бақылау бойынша балдарды бөлу пән силлабусында ОН-рі, бағалау критерийлері, тапсырмалардың еңбек сыйымдылығы мен күрделілігі, сондай-ақ білім алушыларға уақтылы кері байланыс беру қажеттілігі ескеріле отырып, апталар және оқу жұмысының түрлері бойынша айқындалады.

5.5 Аралық бақылау академиялық күнтізбеге сәйкес жүзеге асырылады және пәнді меңгерудің тиісті кезеңі бойынша ОН-не қол жеткізу деңгейін бағалауға арналған.

5.6 Аралық бағалау кумулятивтілік бағалаудың элементі болып табылады.  Аралық бақылау бойынша баға силлабуста көзделген ағымдағы бақылау нәтижелерінің жиынтығы негізінде қалыптастырылады.

5.7 Университетте екі аралық бақылау (АБ1 және АБ2) белгіленеді. Модульдік және триместрлік оқыту кезінде аралық бақылау кезеңдері академиялық күнтізбеге сәйкес айқындалады.

5.8 Қорытынды бақылау пән бойынша ОН-не қол жеткізу деңгейін тұтастай бағалауға бағытталған және Университеттің «Академиялық саясаты», «Қорытынды бақылауды өткізу қағидалары», «Қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып қорытынды бақылауды өткізу нұсқаулығы» құжаттарында белгіленген тәртіпте, нысандарда және платформаларда жүргізіледі.

5.9 Ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау нысандары, бағалау критерийлері, балдардың бөлінуі, бағалау іс-шараларының тізбесі және олардың оқу нәтижелерімен байланысы пән силлабусында көрсетіліп, академиялық кезеңнің басында білім алушыларға жеткізіледі. Бұл ретте Университеттің «Академиялық саясатында» белгіленген мерзімдерде нысандарды өзгертуге, міндетті түрде білім алушыларды хабардар ете отырып, жол беріледі.

5.10 Бағалауды жобалау кезінде оқытушы бағалау іс-шараларының ОН-не, объективтілік, валидтілік, сенімділік, ашықтық, әділдік, жүйелілік және жинақтаушылық қағидаттарына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Бір ғана бағалау оқиғасының нәтижесі бойынша балдардың басым бөлігін қою арқылы жүйелі бағалауды алмастыруға жол берілмейді (2-қосымша).

5.11 Жаппай ашық онлайн-курстар (МООК) нәтижелерін қайта есепке алу Университеттің «Академиялық саясаты» және «Формальды және бейресми білім, кәсіби біліктілік нәтижелерін тану тәртібі туралы ережеге» сәйкес жүзеге асырылады.

5.12 Қорытынды бақылауға жіберу тәртібі, оны өткізу мерзімдері мен нысандары, бағаларды енгізу тәртібі, апелляция, қайта тапсыру, FX, F, I, AU бағаларын есепке алу және өзге де рәсімдік мәселелер Университеттің «Академиялық саясаты», «Қорытынды бақылауды өткізу қағидалары» және басқа да ішкі нормативтік құжаттарымен реттеледі.

5.13 Пән бойынша қорытынды бағаны қалыптастыру білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі негізінде Университеттің «Академиялық саясатында» белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

 

6.1 ОН-рін бағалау өлшемдері - бұл білім алушының тиісті оқу тапсырмаларын орындау деңгейін және пән бойынша жарияланған ОН-ріне қол жеткізу дәрежесін анықтау үшін қолданылатын, алдын ала белгіленген, нақты тұжырымдалған, тексерілетін көрсеткіштер.

6.2 ОН-рін бағалау өлшемдері:

- пәннің ОН-не және оларға қол жеткізу индикаторларымен сәйкес келеді;

- нақты, өлшенетін, бақыланатын және тексерілетін болып табылады;

- оқу нәтижелерінің объективтілігін, ашықтығын және салыстырмалылығын қамтамасыз етеді;

- бір типті тапсырмаларды бағалау кезінде бірізді түрде қолданылады;

- білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес 100 балдық шкала бойынша тапсырманың орындалу деңгейін және балл қою негіздерін айқындауға, сондай-ақ бағаларды дәстүрлі бағалау шкаласы мен ECTS жүйесіне ауыстыруға мүмкіндік береді.

6.3 ОН-рін бағалау критерийлері факультет деканы бекіткен пәннің силлабусында көрсетіледі.

6.4 Оқытушы негізгі тапсырма түрлері үшін (тест тапсырмаларынан басқа) критериалды бағалау рубрикаторларын әзірлейді, олар пәннің силлабусы мен қорытынды бақылау бағдарламасына енгізіледі.

6.5 Оқытушы тапсырманы орындау басталғанға дейін білім алушыларға белгіленген тәртіппен бағалау критерийлерін түсіндіреді.

6.6 Бағалау критерийлері бағалау тапсырмасы, ОН-рі, оған қол жеткізу индикторы және тапсырманың орындалу деңгейі арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді.

6.7 Тапсырманы орындау басталғаннан кейін бағалау критерийлері мен критериалды бағалау рубрикаторларын өзгертуге жол берілмейді.

7.1 Білім алушылар

7.1.1 Білім алушылар құқылы:

- оқудың бірінші аптасында пәннің  силлабусымен танысуға;

- пән бойынша ОН-рі және бағалау критерийлері туралы ақпарат алуға;

- бағалау критерийлерін, критериалды бағалау рубрикаторларын қолдану, бал есептеу және баға қою мәселелері бойынша түсіндірме алу үшін оқытушыға жүгінуге;

- Қорытынды бақылау нәтижелері бойынша Университеттің «Қорытынды бағалауды жүргізу ережелерінде» және басқа да ішкі нормативтік құжаттарында белгіленген тәртіппен апелляция беруге.

7.1.2 Білім алушылардың міндеттері:

- пән силлабусында көзделген барлық оқу тапсырмаларын орындау;

- тапсырмаларды орындаудың белгіленген мерзімдерін сақтау;

- бекітілген бағалау рәсімдерін сақтау;

- тапсырмаларды орындау және ағымдағы, аралық және қорытынды бақылаудан өту кезінде академиялық адалдық талаптарын сақтау.

7.2 Оқытушылар

7.2.1 Оқытушылар құқылы: 

- пәннің силлабусы шеңберінде ОН-рін бағалаудың нысандары мен әдістерін дербес таңдауға;

пән ерекшелігін ескере отырып, ОН-ріне, оларға қол жеткізу индикаторларына және осы Саясатта белгіленген бағалау қағидаттарына сәйкес келетін бағалау тапсырмаларын әзірлеуге;

ОН-рін бағалау саясатын жетілдіру бойынша Университет басшылығына (кафедра меңгерушісіне, факультет деканына, Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директорына, Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректорға) ұсыныстар енгізуге;

ОН-рін және пәннің ерекшеліктеріне сәйкес келетін бағалау әдістері мен құралдарын қолдануға.

Оқытушылардың міндеттері:

пән силлабусын әзірлеу кезінде ОН-рін, олардың қол жеткізу индикаторларын, бақылау нысандарын, бағалау критерийлерін, балдардың бөлінуін және қорытынды баға құрылымын көрсету;

бағалау тапсырмаларының, критерийлердің және рубрикаторлардың ОН-лері мен олардың индикаторларына сәйкестігін қамтамасыз ету;

бағалауды объективті, ашық, бірізді және бекітілген критерийлер мен рубрикаторларға сәйкес жүргізу;

бағалаудың кумулятивтілік сипатын және оқу жұмысы түрлері бойынша балдардың бекітілген бөлінуін сақтау;

тиісті тапсырма басталғаннан кейін критерийлерге негізделген бағалаудың рубрикаларын және балдардың бөлінуін өзгертуге жол бермеу; тапсырманы орындау басталғаннан кейін критериалды бағалау рубрикаторларына және балдарды бөлу тәртібіне өзгерістер енгізбеу;

бағалау нәтижелері бойынша білім алушыларға уақтылы кері байланыс беру;

ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау нәтижелерін Университеттің «Академиялық күнтізбесінде» белгіленген мерзімдерде Univer АЖ-не енгізу;

ОН-рін бағалау кезінде академиялық адалдық талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.

8.1 ОН-рін бағалауды талдау білім сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйесінің элементі болып табылады және келесі мақсаттарға бағытталған:

- ОН-рін объективтілігін, сенімділігін және салыстырмалылығын бағалау;

- білім алушылардың академиялық үлгерімі мен ОН-не қол жеткізуіне әсер ететін факторларды анықтау;

- ОН-рін бағалауды ұйымдастыру мен жүргізу рәсімдеріндегі мәселелер мен сәйкессіздіктерді анықтау;

- ОН-рін бағалау әдістерін, құралдарын және рәсімдерін жетілдіру;

- оқыту мен оқу сапасын арттыру.

8.2 ОН-рін бағалауды талдау келесі деңгейде жүзеге асырылады:

- пән деңгейінде – академиялық кезең аяқталғаннан кейін оқытушы тарапынан;

- кафедра деңгейінде – емтихан сессияларының қорытындысы бойынша пәндер, оқытушылар, оқу топтары мен лек ағындары бөлінісінде кафедра меңгерушісі және оның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары тарапынан;

- факультет деңгейінде – емтихан сессияларының қорытындысы бойынша кафедралар, білім беру бағдарламалары, курстар және білім алушылар контингенті бөлінісінде декан, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі декан орынбасары және оқыту және білім беру сапасы жөніндегі академиялық комитеттің  мүшелері тарапынан;

- Университет деңгейінде – қысқы және жазғы емтихан сессиялары қорытындысы бойынша ОН-рін бағалаудағы жалпыуниверситеттік үрдістер мен жүйелік тәуекелдерді анықтау мақсатында Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор, академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры, Білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету басқармасы тарапынан.

8.3 ОН-рін бағалауды талдау шеңберінде келесі мәселелер қарастырылады:

- пәндер бойынша қорытынды бағалардың бөлінісі; 

- білім алушылардың академиялық үлгерім көрсеткіштері;

- білім алушылардың қорытынды бағалау нәтижелері;

- ұқсас пәндер бойынша ОН-дің салыстырмалылығы;

- пән бойынша ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау нәтижелерінің сәйкестілігі;

- академиялық кезең ішінде алынған нәтижелер мен қорытынды бақылау нәтижелері арасындағы елеулі алшақтық жағдайлары;

- оқу жұмысы түрлері бойынша балдардың бөлінуі, оның ішінде аралық кезеңдер ішіндегі балдардың бөлінуі;

- бағалаудың дұрыстығы, ашықтығы және әділдігі бойынша білім алушылардың апелляциялары мен өтініштерінің нәтижелері;

- бағалау рәсімдерінің бұзылу жағдайлары;

- академиялық адалдық қағидаттарының бұзылу жағдайлары.

8.4 Қажет болған жағдайда бірнеше академиялық кезең бойынша көрсеткіштердің динамикасына салыстырмалы талдау жүргізіледі, сондай-ақ нақты пән, БББ, оқу тобы, оқытушы немесе білім алушы бойынша қосымша талдау жасалады.

8.5 ОН-ріне қол жеткізу дәрежесін талдау нәтижелері бойынша аналитикалық есептер келесі деңгейлерде талқыланады:

- оқытушы және кафедра отырысында;

- Оқыту және білім беру сапасы жөніндегі академиялық комитеттің  және факультеттің Ғылыми кеңесінің отырыстарында;

- Университет Ғылыми кеңесінің отырысында, оқу жылы ішінде кемінде екі рет.

8.6 ОН-ріне қол жеткізуді талдаудың қорытынды нәтижелері оқытушылар құрамына жеткізілуі тиіс.

8.7 Аналитикалық есептерді қарау нәтижелері бойынша келесі мақсаттарға бағытталған шешімдер қабылданады:

- ОН-рін бағалау критерийлерін, нысандары мен рәсімдерін түзету және жетілдіру;

- ОН-рін критериалды, кумулятивті және білім алушыға бағдарланған бағалау мәселелері бойынша оқытушылардың біліктілігін арттыру; 

- ОН-рін бағалау рәсімдерінің сақталуын бақылауды күшейту;

- анықталған сәйкессіздіктерді және олардың туындау себептерін жоюға бағытталған түзету және алдын алу іс-шараларын әзірлеу және іске асыру.

 

9.1 Университет білім алушылары, оқытушылары және қызметкерлері осы Саясаттың, Университеттің «Академиялық саясатының» және ОН-рін бағалауды реттейтін Университеттің басқа да ішкі нормативтік құжаттарының талаптарын бұзғаны үшін жауапты болады.

9.2 Осы Саясаттың талаптарын бұзу Университеттің ішкі нормативтік құжаттарында көзделген жауапкершілік шараларын қолдануға негіз болады.

9.3 Университет білім алушыларының, оқытушыларының және қызметкерлерінің бұзушылықтарды қарау негіздері, тәртібі және жауапкершілік шаралары Университеттің «Академиялық саясатымен», «Академиялық адалдық саясатымен», «Қорытынды бағалауды жүргізу ережелерімен», сондай-ақ Университеттің басқа да ішкі нормативтік құжаттарымен белгіленеді.

9.4 Бұзушылықтар объективтілік, ашықтық және академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып қаралады.

10.1 Осы Саясат Университеттің Ғылыми кеңесінде қаралып, бекітіледі және қолданыс мерзімі 3 (үш) жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін құжат қайта қарауға жатады.

10.2 Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе Университеттің ішкі нормативтік құжаттарына өзгерістер енгізілген жағдайда, Саясат белгіленген мерзімнен бұрын да жаңартылуы мүмкін.

10.3 Осы Саясатты бекіту, өзгерту, толықтыру немесе күшін жою туралы шешім Университеттің Ғылыми кеңесі отырысында қабылданады.

10.4 Осы Саясат Университеттің ресми веб-сайтында жариялануға және білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығына жеткізілуге тиіс.

10.5 Осы Саясаттың өзектілігін қамтамасыз ету және жаңарту бойынша бақылау Академиялық мәселелер жөніндегі департаментке жүктеледі.

10.6 Осы Саясат Университеттің Ғылыми кеңесі бекіткен күннен бастап күшіне енеді.

 

 

Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері

1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2007 жылғы 27 шілдедегі №319-III);

2. Қазақстан Республикасында жоғары және ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы;

3. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі №2 бұйрығы);

4. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру қағидалары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі №152 бұйрығы);

5. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының үлгілік қызмет қағидалары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығы);

6. Еуропалық кредиттерді аудару және жинақтау жүйесін (ECTS) пайдалану жөніндегі нұсқаулық;

7.Еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі сапаны қамтамасыз ету стандарттары мен нұсқаулықтары (ESG).

Университеттің ішкі нормативтік құжаттары

1. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ Жарғысы (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Төрағасының 2020 жылғы 25 тамыздағы №512 бұйрығы);

2. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ Академиялық саясаты;

3. Қорытынды бақылауды өткізу қағидалары;

4. Қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып қорытынды бақылауды өткізу жөніндегі нұсқаулық.


 

1.Осы Қосымша пән силлабусындағы оқу жұмысы түрлері бойынша балдарды бөлуге қойылатын талаптарды айқындайды.

2. Балдарды бөлу бағалаудың жинақтаушы сипатын, ашықтығын, әділдігін және академиялық кезең ішінде оқу нәтижелеріне қол жеткізуді кезең-кезеңімен мониторингтеуді қамтамасыз етуі тиіс, сондай-ақ бір бағалау оқиғасында немесе аралық бақылау аптасы шеңберінде балдардың басым бөлігінің шоғырлануын болдырмауы қажет.

3. Әрбір аралық бақылау бойынша ең жоғары балл 100 баллды құрайды. 

4. Әрбір аралық бақылау шеңберінде балдарды бөлу:

№КөрсеткішНормативтік шектеу *
1Аралық бақылау аптасы басталғанға дейінгі ағымдағы бақылау нәтижелері бойынша қалыптасатын балл көлеміКемінде 70 балл
2Аралық бақылау аптасында өткізілетін бағалау іс-шаралары бойынша жалпы балл көлемі30 баллдан аспау 
3Аралық бақылау шеңберіндегі бір бағалау іс-шарасына берілетін ең жоғары балл көлемі25 баллдан аспау 

Ескертпе: * кафедраның негіздемесі болған жағдайда ауытқуға жол беріледі

5. Баллдар пәннің оқу нәтижелерін, бағалау критерийлерін, тапсырмалардың еңбек сыйымдылығы мен күрделілігін, пән мазмұнын меңгеру логикасын және білім алушыларға уақтылы кері байланыс беру қажеттілігін ескере отырып, апталар мен оқу жұмысы түрлері бойынша бөлінеді.

6. Силлабуста төмендегілер көрсетіледі:

- барлық бағалау іс-шаралары апталар бойынша;

- әрбір бағалау іс-шарасы үшін ең жоғары балл;

- бағалау критерийлері;

- әрбір бағалау іс-шарасының тиісті оқу нәтижелерімен байланысы;

- АБ1 және АБ2 бойынша бағаны қалыптастыру тәртібі.

7. Рұқсат етілмейді:

- аралық бақылау балдарының басым бөлігін бір ғана бағалау іс-шарасының нәтижесі бойынша қою;

- силлабус білім алушыларға жеткізілгеннен кейін балдарды қайта бөлу;

- силлабуста көзделмеген бағалау нысандары мен критерийлерін қолдану;

- аралық бақылау соңында бір реттік қорытынды бағалау арқылы ағымдағы бақылауды алмастыру;

- осы Қосымшаның 4-тармағында белгіленген шекті мәндерден асып кету.

8. Есептік, дәлелдеуші, жобалық, зерттеу, зертханалық, шығармашылық және өзге де кешенді тапсырмалары бар пәндер үшін олар алдын ала силлабусқа енгізілген, оқу нәтижелерімен байланыстырылған және осы Қосымшаның талаптары сақталған жағдайда интегративті бағалау нысандарын қолдануға рұқсат етіледі.

9. Пәннің ерекшелігіне байланысты, айрықша жағдайларда осы Қосымшаның 4-тармағы талаптарынан ауытқуға жол беріледі.  Мұндай ауытқу кафедраның негізделген қорытындысы болған, факультеттің академиялық комитетімен келісіліп және Университеттің уәкілетті құрылымдық бөлімшесі семестр басталғанға дейін бекіткен жағдайда ғана жүзеге асырылады. Мұндай ауытқу силлабуста көрсетіліп, пәнді оқыту басталғанға дейін білім алушыларға жеткізілуі тиіс.

10. Осы талаптардың сақталуын бақылау силлабустарды сараптау, оқу нәтижелерін бағалауды мониторингтеу және білім алушылардың өтініштерін қарау барысында жүзеге асырылады.

11. Осы Қосымшаға сәйкес келмейтін силлабустар академиялық кезең басталғанға дейін түзетуге жатады.