ҚазҰУ ғалымдары AMIC халықаралық конференциясында
ТДМ-17 Жарты ғасырдан астам тарихы бар, 1971 жылы құрылған – медиа және коммуникация саласындағы әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарының бірі болып саналатын Asian Media Information and Communication Centre (AMIC) 2025 жылғы 9-11 қазан аралығында Үндістанның Мумбай қаласында халықаралық ғылыми конференциясын өткізді.
«Navigating Digital Transformation in Media, Public Relations, and Advertising» тақырыбына арналған ғылыми конференция медиа, коммуникация, кино, жасанды интеллект және креативті индустриялар бағыттарыныңжетекші зерттеушілерін әлемнің түкпір-түкпірінен жинады.
Бұл беделді ғылым алаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үш өкіл таныстырды: қауымдастырылған профессор Қарлыға Мысаева, профессор Сәуле Барлыбаева және PhD докторант Диас Азимжанов. Қатысушылар Қазақстандағы медиа өзгерістер, цифрлық мәдениет және киноны зерттеу бағыттарындағы ғылыми нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа ұсынды.
Қауымдастырылған профессор Қарлыға Мысаева «Redefining Communication Competencies in Today’s Digital Ecosystem» атты сессияда баяндама жасап, коммуникация мамандарын цифрлық дәуірге бейімдеудің өзекті мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, AMIC ұйымы профессор Мысаеваны журналистика білімін дамыту және аймақтағы медиа зерттеулерге қосқан үлесі үшін арнайы марапатпен атап өтті. Бұл өңірімізден шыққан алғашқы лауреат.
Профессор Сәуле Барлыбаева «Media Culture of the Digital Society: on the Example of Kazakhstan» атты зерттеуін таныстырып, цифрлық мәдени тәжірибелердің өзгерісі және медиа трансформацияның өңірлік ерекшеліктері жайлы баяндады.
PhD докторант Диас Азимжанов «Cinema as Socio-Cultural Memory: the Case of Kazakh New Wave Cinema» атты баяндамасын ұсынып, қазақстандық киноның тарихи әрі коллективті жады қалыптастырудағы рөлі туралы зерттеуін халықаралық аудиторияға таныстырды. Оның баяндамасы «Convergence of Media and Creative Industries» секциясында өтіп, қызықты талқымен жалғасты.
Конференцияның нәтижелері қазақстандық медиа және коммуникация саласындағы зерттеулердің жаһандық академиялық кеңістікпен ықпалдастығының одан әрі тереңдеп келе жатқанын, сондай-ақ ҚазҰУ ғалымдарының әлемдік ғылыми дискурстағы орнын жыл сайын нығайтып отырғанын айқын көрсетті.
Басқа жаңалықтар