«Студенттік көктем – 2016» байқауы өз мәресіне жетті

1 сәуір, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Студенттік көктем – 2016» көркем өнерпаздар байқауы өз мәресіне жетті. Биылғы байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Екі мыңнан аса өнерпаз бақ сынаған байқауға өнер жұлдыздары қазылық етіп, үш кезең бойынша жеңімпаздарды анықтаған болатын. Аталмыш өнер сынында студенттер «Аспапта ойнау шеберлігі», «Ән», «Би», «Авторлық шығарма» секілді өнер түрлерінен сайысқа түсті. Кезекті өнер бәсекесінің нәтижесі бойынша 31 наурыз күні Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Мерекелік шараны ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаманбалаева Шолпан Ерболқызы құттықтау сөзбен ашты. Ол: «Бұл байқау – студенттер өміріндегі ең жарқын, танымал әрі маңызды шара. Біздің студенттеріміз қай сындарда болмасын, өздерін жақсы қырынан көрсете білуде. Біз шәкірттеріміздің ғылым мен білімдегі, спорт пен өнердегі жетістіктерімен мақтанамыз. Алдағы уақытта да барлықтарыңызға шығармашылық табыс пен жаңа жеңістер тілеймін!» – деп жиналған қауым мен байқау қатысушыларына шынайы лебізін білдірді.

Бір ай көлеміне созылған өнер бәсекесінің қорытындысы бойынша, жалпы есепте факульттер арасында үшінші орынды тарих, археология және этнология факультеті мен физика-техникалық факультеті иеленді. Ал, география және табиғатты пайдалану, халықаралық қатынастар, химия және химиялық технологиялар, ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеттері екінші орынға табан тіреді. Ал механика-математика мен филология және әлем тілдері факультеттерінің студенттері бұл сында үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды қанжығаларына байлады. Жеңімпаз атанған факультеттерге ректор дипломы мен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Мұнан соң әр бөлім бойынша өнер көрсеткен жеңімпаздар жеке-жеке марапатталып,  кештің соңы үздік өнерпаздардың қатысуымен қойылған гала-концертке ұласты.

Қаламқас АМАНҚОСОВА